Мектеп қабырғасында жүріп дайындық мектебін ашқан талапты оқушы өзінің халықаралық сынақтан қалай ең жоғары балл жинап, жетістікке жету жолындағы өзінің тәжірибесімен бөліседі.
17 жастағы қазақстандық Сая Қыдырәлі халықаралық деңгейдегі ағылшын тілі емтиханынан ең жоғары 9 балл жинап, әлемдік рекорд орнатты. Ол Қазақстаннан IELTS емтиханынан максималды ұпай жинаған жалғыз адам және әлемдегі ең жас IELTS-сарапшы. Бұған дейін IELTS сынағына қатысып бақ сынағандардың 0,5 пайызы ғана 9.0 ұпай нәтижесіне қол жеткізген.
14 жасында дайындық мектебін ашқан жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен бөлісті.
- Ағылшын тілін үйренуді қашан, қалай бастадыңыз? Қызығушылық қайдан пайда болды?
- Ағылшын тіліне деген қызығушылығым кішкентай кезімнен басталды. Дәл қай жаста бастағаным есімде жоқ. Бірақ ата-анам кішкентайымнан кітап оқуға, тіл үйренуге көп көңіл бөлді. Ал мақсатым – өзімді шектеусіз дамыту болды. Ағылшын – әлемдік тіл, ол арқылы ең үздік білімге, ресурстарға қол жеткізуге болады. IELTS-ті алғаш тапсырған кезде өзіме жоғары мақсат қойдым. Өйткені бұл тек емтихан ғана емес, өзіме, мүмкіндіктеріме деген сенімнің көрсеткіші болды.
- Кәсібіңіз туралы айтсаңыз? Өзіңіз оқушысыз. Команданы жинау, басқару қиын болмады ма?
- Мен IELTS-ке дайындық мектебін 14 жасымда аштым. Бастапқыда шағын аудиториямен жұмыс істедім, кейін сұраныс артып, команда құру қажеттілігі туындады. Команданы жинау қиын болды. Себебі менің өзіме де тәжірибе керек еді. Бірақ басты талабым – сапа. Мұғалімдерді таңдағанда олардың білім деңгейіне ғана емес, оқушылармен байланыс орната алу қабілетіне, жауапкершілігіне ерекше мән беремін. Шәкірттерімнің басым бөлігі жоғары нәтижеге жетуге талпынатындар. Сондықтан оларға да, өзіме де қатаң талап қоямын.
- Қателеспесем, 10 сыныпта шетелде білім алуға ұсыныс түскен екен. Неге бас тарттыңыз?
- Иә, бірнеше елден ұсыныс болды. Бірақ мен өз жобамды әрі қарай дамытуды жөн көрдім. Қазақстанда білім саласына үлес қосуды, өз мектебімді халықаралық деңгейге шығаруды мақсат еттім. Мен ең бастысы өз елімде талантты жастардың көбірек болуына ықпал еткім келеді.
- IELTS емтиханы бойынша әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке ие болдыңыз. Ендігі жоспарыңыз қандай?
- IELTS-тің ең жоғарғы балы – 9.0. Бұл – тек бір белес. Қазір SAT-қа дайындалып жатырмын. Сонымен қатар, өзімнің мектебімді кеңейту, жаңа жобалар бастау ойымда бар. Мен үшін ең маңыздысы – өзімнің және айналамдағы адамдардың үнемі дамып отыруы.
- Басқа балалар ойнап жүргенде, оқыдыңыз. Бәріне қолды бір сілтеп тастап кеткіңіз келген кездер болды ма? Ондай күйден қалай шығасыз?
- Әрине, ондай кездер болды. Кез келген адамда шаршау, мотивацияның түсуі болады. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ менің мақсатым маңызды болғандықтан, мұндай ойлардан тез арыламын. Әдетте спортпен айналысу, табиғатқа шығу, жақын адамдарыммен уақыт өткізу маған көмектеседі. Ең бастысы – неліктен бастағаныңды еске түсіру.
- Қалай ойлайсыз, жалпы жетістікке жеткісі келетін адам қандай болу керек?
- Ең алдымен табанды болуы керек. Кедергілерден қорықпайтын, үнемі өзін дамытатын адам ғана биікке жете алады. Сонымен қатар, нәтиже үшін жүйелі жұмыс істеу қажет. Жай ғана мотивация жеткіліксіз – нақты жоспар, әрекет болуы шарт.
- Бала үшін ата-ананың қолдауы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Әсіресе, 11 сынып оқушылары үшін
- Өте маңызды. Қысым мен талап қою бір бөлек, ал шынайы қолдау – мүлде басқа нәрсе. 11 сынып оқушылары үлкен стресс жағдайында болады. Сол себепті ата-ананың қолдауы, сенім білдіруі оларға күш береді. Ең бастысы – «сенің қолыңнан келеді» деген сөздерді есту.
- Рекорд орнаттыңыз. IELTS орталығынан қандай кері байланыс болды?
- IELTS орталығының өкілдері менің нәтижемді ерекше атап өтті. Себебі бұл – Қазақстанда өте сирек кездесетін нәтиже. Менің мектебімдегі өзге оқушылар да жоғары нәтиже көрсеткендіктен, орталықтар бізбен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіруде. Бірақ мен үшін басты нәтиже – шәкірттерімнің жетістігі.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Мерей Мырзағалиқызы
«Адырна» ұлттық порталы