АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадан әскери көмек ретінде жұмсалған қаражаттың өтемін қайтаруды талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
"Мен Украина біз салған миллиардтаған доллар үшін бізге бірдеңе беруі керек деп санаймын. Сондықтан біз сирек жер металдарын, мұнайды және мүмкін болатын барлық ресурстарды сұраймыз", – деді Трамп.
Мэрилендте өткен Консервативті саяси іс-қимылдар конференциясында (CPAC) сөйлеген сөзінде ол Еуропа елдері Украинаға көмек ретінде несие бергенін, ал АҚШ ондай жасамағанын атап өтті. Сол себепті Америкаға белгілі бір өтемақы төленуі керек деп есептейді.
"Біз қаражатымызды қайтарғымыз келеді, өйткені бұл әділетсіздік", – деді Трамп.
Сонымен қатар, ол Вашингтон мен Киев пайдалы қазбаларға қатысты келісім жасауға өте жақын екенін айтты.
Ал украиналық дереккөздердің айтуынша Владимир Зеленский АҚШ пен Украина арасындағы сирек жер металдарын өндіруге қатысты келісімнің қазіргі нұсқасына қол қоюға дайын емес.
"Бірнеше даулы мәселелер бар, сондықтан президент оны қазіргі күйінде қабылдауға дайын емес", – деді дереккөз.
The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ Украинаға келісімнің жаңа нұсқасын ұсынған. Бірақ оның кейбір шарттары 14 ақпанда Киевке қаржы министрі Скотт Бессент алып келген алдыңғы нұсқадан да қатаң.
Украина тарапы бұл шарттарға келісетін-келіспейтінін әлі нақтылаған жоқ. Жоғарғы Раданың спикері Руслан Стефанчуктың айтуынша, 24 ақпанда үкімет деңгейіндегі арнайы топ келісім бойынша жұмысты бастайды. Украина Вашингтонның өз ресурстарына қол жеткізуіне жауап ретінде нақты қауіпсіздік кепілдіктерін алғысы келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған Украинаның пайдалы қазбаларының 50%-ына құқық беретін келісімге қол қоюдан бас тартқан болатын.