АҚШ-тың Нью-Йорк штатының соты 27 жастағы Хади Матара 2022 жылы британдық-үндістандық жазушы Салман Рушдиді өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 30 жылдан астам түрме жазасы берілуі мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеп.
Матар 2022 жылдың тамызында Нью-Йорктің Чотокуа қаласында өткен лекция кезінде сахнаға жүгіріп шығып, Рушдиді пышақтап тастаған. Жазушы ауыр жарақат алып, бауыры зақымданып, бір көзінің көру қабілетінен айырылды. Сонымен қатар, жүйке жүйесіне тиген зақым салдарынан қолының қимылдау мүмкіндігі шектелген.
Іс Чотокуа округінің сотында қаралды. Матараны жазушыға қастандық жасау және ауыр дене жарақатын келтіру баптары бойынша айыпты деп таныды. Сондай-ақ, шабуыл кезінде сахнада отырған журналист Генри Риз де жарақат алған. Ол басынан жеңіл соққы алып, аман қалды.
Сот үкімі 2024 жылдың 23 сәуірінде жарияланады.
Сот отырысында Салман Рушди шабуыл сәтін еске алып, сахнада отырған кезде күтпеген жерден өзіне қарай жүгірген адамды көргенін айтты.
"Оның көздері қараңғы әрі өте ашулы көрінді. Бастапқыда мені біреу итеріп жіберді деп ойладым, кейінірек пышақталғанымды түсіндім", – деді жазушы.
Жалпы, Рушди 15 рет пышақ жарақатын алған. Ол көзінен, бетінен, мойнынан, кеудесінен және санынан жарақат алды.