Алматыда оқушы бала ересек немере ағасын айыптады. Жәбірленуші ағасының жыныстық зорлық жасағанын мәлімдеген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл ақпарат әлеуметтік желіде тараған.
Белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова оқушының жағдайы туралы алғашқылардың бірі болып хабарлаған. Жәбірленуші 19 ақпанда көмек сұраған.
«Ұлды әкесі қайтыс болғаннан кейін әкесінің ағасы тәрбиелеу үшін анасынан сұрап алып кеткен. Болжам бойынша, әйел үш баланың анасы. Ол ұлды және оның 2 әпкесін түгел асырауға шамасы жетпеген. Бала 11 жаста болғанда ағасының ұлы оған жыныстық зорлық-зомбылық жасай бастапты. Бұл шамамен үш жылға созылған. Бала бұл туралы ешкімге айтпаған. Алайда ұл бала шыдай алмай, әпкесіне қашып кетіп, бар жағдайды баяндап берген», - дейді құқық қорғаушы Айман Омарова.
Әпкесі інісімен бірге полицияға арыз жазу үшін барғанымен, арыз қабылданбаған. Жәбірленушілер полицияға ағасының туыстары келіп, қысым көрсеткенін де мәлімдеді.
Полиция департаменті ақпаратқа түсініктеме берді.
«Биылғы жылдың 19 ақпанында Жетісу ауданының полиция бөліміне інісіне қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша Алматы облысының тұрғыны өтініш білдірді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасөспірімнің туысы полицияға жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомство.
Полиция сотқа дейінгі тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалғанын айтты.