Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кен орнында болған қайғылы оқиғадан кейін мәжіліс депутаттары еңбек қауіпсіздігін күшейту мәселесін көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мәжіліс отырысында депутат Арман Қалықов еліміздегі өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігін мәлімдеді. Оның айтуынша, «Қазақмыс» кәсіпорындарындағы жазатайым оқиғалардың жиілеуі саладағы бақылау мен қауіпсіздік стандарттарының әлсірегенін көрсетеді.
«Қауіпті өндірістерде қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз ететін мемлекеттік институттар жойылды. Соның салдарынан біз жоғары білікті мамандар мен инспекторларды жоғалтып, ғылыми-әдістемелік базадан айырылдық. Бұл жағдай техногендік қауіпсіздікке кері әсерін тигізді», – деді депутат.
Ол мұндай оқиғалардың Қазақстандағы кен орындары мен шахталарында жыл сайын қайталанатынын алға тартып, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік институттардың маңыздылығын атап өтті.
"Неге жоғары пайда әкелетін кәсіпорын жылдар бойы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпей келеді?! Мұндай техногендік апаттар жыл сайын еліміздің кен орындарында, шахталарында, мұнай кен орындарында қайталанады. Бұл өнеркәсіптік қауіпсіздік мемлекеттік институттарының маңыздылығы мен қажеттілігін айқындайды", — деді ол.
Депутаттар "Қазақмыс"-тың жұмысына қатысты бірнеше ұсыныс айтты.
- Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын, тікелей премьер-министрге бағынатын жеке мемлекеттік орган құру;
- Қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін жетілдіру;
- Кеніштердің желдету жүйелерін нормативтерге сәйкестігін тексеру;
- Тау-кен кәсіпорындарындағы жабдықтар мен технологияларды жаңғыртуға қаржы бөлуді қамтамасыз ету.
Еске сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан «Жомарт» кен орнында тау жынысы опырылып түсіп, жеті кенші қаза тапқан.