Тағы бір сыбыс соңынан Берік Уәли де әкім болды

1314
Adyrna.kz Telegram
Фото: Берік Уәлидің FB парақшасы
Фото: Берік Уәлидің FB парақшасы

Абай облысының жаңа әкімі болып Берік Уәли тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 17 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін ол президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметін атқарған болатын.

Берік Уәли 1977 жылы Семей облысында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын "Кинотанушы", Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін "Журналистика" (магистратура), сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін "Құқықтану" мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы "Таң" телекомпаниясында "Алматы жаңалықтары" ақпараттық бағдарламасының тілшісі болып бастаған. 1998-1999 жылдары – "НТК" телеарнасында "Жаңалықтар" ақпараттық бағдарламасының шығарушы редакторы, 2000-2007 жылдары – "31 канал" телерадиокомпаниясында" "Информбюро" ақпараттық бағдарламасының бас редакторы, "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі, "Дода" саяси ток-шоуының бас редакторы әрі жүргізушісі, 2007-2012 жылдары – "Хабар" Агенттігі" АҚ Ақпараттық бағдарламалар дирекциясы жаңалықтар қызметінің тілшісі, "Бетпе-бет" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі болды.

Еске салайық, 2022 жылы БАҚ беттерінде Берік Уәлидің ШҚО әкімі болып тағайындалғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін Ақорда мәлімдеме жасап, мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.

2025 жылғы 15 ақпанда да әлеуметтік желіде Абай облысындағы әкімнің бос лауазымына президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің кандидат ретінде ұсынылатыны туралы ақпарат тараған болатын.

Пікірлер