«Аранжанның шалқымасы»

3404
Adyrna.kz Telegram

«Аранжанның шалқымасы» болса, Аранжан батырдың жауды жеңіп келе жатқандағы көңіл-күйіне арналыпты…».

А.Сейдімбек. 
(«Қазақтың күй өнері». 426-бет).

Абылдың бұл күйі кейбір жазбаларда «Әрен­жанның шалқымасы» деп аталған. Ал не­гізінде, дұрысы, Маңғыстау шежірелерінде – «Аранжанның шалқымасы» деп айтылады.
Біздің қариялардың айтуынша, күйдің та­рихы былай болып келеді.
Күннің суытқан күз, қыс айларында Маң­­­ғыстау ойында болып, алты ай жазда Ой­мауыт – Желтау барып, Жем жағалап жай­лайтын Адай ауылдарын Хиуа қарақ­шы­лары торып, кейде барымталап кететін. Бі­рақ олар көп ұзамай-ақ, сол шапқын­шылықтарының сазайын тартып, опық жей­тін. Себебі, Адай батырлары оны ес­ті­ген­нен кейін өкшелеп барып, талқандарын шы­ғарып, «Сен қылғанға мен қылдым» дегендей, өз малдарына олардың малдарын қоса айдап, қыз-келіншектерін жинап қай­татын.

Ауылдарды қорғап, кек алатын айбынды батырлардың бірі – Адайдың Жеменей Олжашы руынан Аранжан еді. Ол – өте әділ, күшіне сеніп, ешкімге қиянат жасамайтын, керек жерінде көмекке дайын тұратын ер еді. Көңілі кең дария, телегей теңіздей бо­латын. Замандас досы күйші Абыл Та­рақұлы оны жақсы білетін, әр кез оның ақ пейілін, жарқын жүзін және керемет қай­ра­тын құрмет тұтатын. Хиуа ханды­ғы­ның қарау шапқыншылары «Өлетін бала мо­лаға қарай жүгіреді» дегеннің кебімен бірде Аранжанның ауылын ол жоқта барым­талаған. Аранжанның асқан батыр екен­дігінен хабардар хиуалықтар бұл оның ауылы екенін білмеген. Аранжан келсе, ауылы опыр-топыр. Қаны қайнаған Аранжан дереу қайта атқа қо­ныпты. Үзеңгілес атақты ба­тыр­ларға хабар бермей-ақ, өз сарбаздарын ертіп жүре берген.

– Өзіміз-ақ оларды жәукемдерміз, – деп әруақтарға сиынып, аттаныпты. Үс­тірт­тің дөңінен Бесқалаға құлар жерде қа­рақ­шыларды қуып жетіп, ұрыс салады. Алмас қы­лыш суырып, найзамен түйреп, астам­сын­ған дұшпанның пиғылын су сепкендей ба­сады. Қарақшылар өлгені өліп, өлмегені қа­шып, жан сақтаған. Сол төңіректегі қа­рақ­шылардың малдарын жинап айдап, ауы­лындағы жас қыз-желеңді қосақтап, қайта ауы­лына қарай жол түзейді. «Қараш қазған» құ­дығының басына келіп, аяқ суытып, азық­тарынан дәм татып, тынығады. Осы сәт­те арттарынан шауып келе жатқан бір қа­ра көрінеді. Қуғыншы деуге жалғыз атты. Қаруы да жоқ. Көзсіз ерлікпен басын өлімге тігіп келе жатқаны несі? Сарбаз­дардың бірі оны шауып тастауға ұмтылып еді, Аранжан тоқ­татып, өзі алдынан шығып, жөн сұра­ды.
– Кімсің? Бұл не жүріс? Жау деуге бойың­да бес қарудың бірі жоқ.
Жігіт атынан домалай түсіп, Аранжан­ның алдына құлады.
– Батыр, мен жау емеспін. Көршілес қа­зақ арасында өскен дос түркіменмін. Бұл за­манда жігітке не қымбат? Астындағы аты мен ақ некелі әйелі емес пе? Сіз айдап бара жатқан көп жылқының ішінде менің мал де­генде жалғыз қазанатым кетіп барады. Мы­на көп тұтқынның ішінде өмірлік жол­дас­тыққа серттескен қалыңдығым кетіп ба­рады. Бұл екеуінсіз маған өмір жоқ. Ба­тыр-еке, не соларды маған қиып беріп кет, не осы жерде мені өлтіріп кет! Оларсыз өмір сүргеннен, осы жерде көмусіз қалғаным артық, – деп басын иді.
Аранжан толқып:
– Ойпырым-ай, жаттың бәрі жау емес. Сен денің түзу, жазықсыз күйіп тұрған жан екенсің. Бердім бұйымтайыңды! Ал сұра­ғаныңды! – деді.
Айдап келе жатқан көп жылқыны аралап, арғымағын тауып алды. Енді қалың­ды­ғын іздеп еді – жоқ. Ақыры жыларман күй­де:
– Гөзел, қайдасың?! – деп айқай салды.
Жер астынан шыққандай тұншыққан дауыс естілді:
– Мен мұндамын!
Аранжанның сарбаздарының бірі оны сайдың қуыс кеуегіне тығып, бетін үлкен
жалпақ таспен бастырып қойыпты.
– Кім мұны жасаған?! – деп ақырды Аранжан.
– Кешір, Ареке, мен едім, – деп бір жігіт алға шықты. – Өзіме ұнағасын, ауылға бар­ғаннан кейін оған үйленуге өзіңнен рұқсат сұрармын деп ойлағанмын. Мына қуғыншы көрінгесін, білдірмей тығып тастап едім.
– Әй, жігітім, ол енді болмас. Мына тү­р­кі­меннің сүйгенін өзіне қайтарайық. Бірақ сенің де сағың сынбасын. Қалғандарының ішінен таңдағаныңды ал, – деді Аранжан.
Сонда әлгі түркімен қолын көтеріп, сөз­ге ишарат сұрады.
– Не айтасың? Сөйле!
– Тұтқындардың ішінде Гөзелдің одан кем емес сіңлісі кетіп барады. Оны қарақ­шылардың қатыгез қарау басшысы зорлық­пен қатын қылғысы келген еді. Бірақ ол бү­­гін сіздің найзаңыздың ұшынан қаза тап­ты. Өлген адамға қиянат сөз айту да күнә болар, дегенмен ол түркімендерді қара жол­ға бастап жүрген оңбаған еді, сазайын тартты. Сіз сарбазыңызға «басқалардың ішінен таңда» дедіңіз. Мен ол жігітке Гөзел­дің сіңлісі Айнаны ұсынар едім. Айна, бері кел! Мына сарбаздан артық саған ешкім табылмас. Енді бағың ашылар! – деді.
Қыз-келіншектердің ішінен тарам-тарам бұрымдары бар, қиғаш қасы қиылып, көзін сүзген бір сұлу бөлініп шыға келді. Аран­жан­ның сарбазына да бұл қыз ұнаса керек, ол жымиып Айнаға жақындап, қолынан ұста­ды. Қыз қаймығып төмен қарады. Сірә, ұнат­қан сыңайлы. Аранжан өзінің шалқыған күркі­реуік дауысымен сақылдап кеп күлді.
– Әй, жігітім, сен жарыңды, малыңды қай­тарып қана қоймай, енді тіпті өзіңе бажа таптың ба?
Жұрттың бәрі қыран-топан күлді. Содан кейін Аранжан көңілденіп тағы сөйлеп кет­ті.
– Ал, түркімен біліш, сен Гөзеліңді алып, еліңе кайт. Және де ашу үстінде ұсталған кейбір қыршын жастарды да қайтарамын. Оларды да ала кет. Мінетін көліктеріңді де берейін. Еліңе айта бар, қазақтар дос боламын дегендерді баптайды, ал қас боламын дегендерді жаншып таптайды! Ал біз ауылымызға барып, Айнаның келін болып түскен тойын тойлаймыз!
Түркімен бар білген алғыс сөзін жаудырып, ризалығында шек болмады.
– Сізге Алланың нұры жаусын! – деп тағ­зым етті.
Аранжан шалқыған күйде ауылға келді. Алдарынан шыққан адамдардың ішін­де атақты Абыл домбырашы да бар екен. Екеуі сәлемдесіп құшақтасты.
– Аранжан, сен бүгін тіпті шалқып кетіп­сің. Кәне, жөніңді айт, – деді Абыл.
– Абыл аға, үлкен қуаныштың үстіндеміз. Жауды жеңдік және оларға рақымшылық жасауыма тура келді. Той бар! Бір сарбазыма түркіменнен керемет келін табылды. Шал­­қыған той жасаймыз. Бүгін сенің дом­быраң күй төгетін болады!
Ауыл көңілденіп, асқан-төккен той мә­зірі басталды. Ұлы Абыл сонда домбырасын алып, бір күйді төкпектетті. «Бұл шалқыған Аран­жанның шалқымасы» еді.


Сержан ШӘКІРАТ,
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының
Құрметті профессоры,

«Қазақ әдебиеті».

 

Пікірлер