Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен ресми келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мемлекет басшысы Ираклий Кобахидзені Премьер-министр қызметіне қайта тағайындалуымен құттықтап, оған жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Президент соңғы жылдары Грузияның экономикалық өсімі айтарлықтай жоғарылап, 9,4 пайызға жеткенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-грузин қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, Грузияны Қазақстанның Кавказдағы сенімді серіктесі ретінде атады. Оның айтуынша, екі елді өзара достық пен тарихи байланыстар біріктіреді.
Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанға келгеніне қуанышты екенін жеткізіп, қызметке кіріскеннен кейінгі алғашқы шетелдік сапарларының бірін Астанаға арнағанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан тарапына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу аясында тараптар экономикалық, сауда және мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.