Канада мен Мексика АҚШ президенті Дональд Трамптың осы елдерден келетін тауарларға импорттық баж салығын енгізу туралы шешіміне жауап қайтарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо 1 ақпан күні кешке, Канада АҚШ-тан импортталатын тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Жалпы сома 155 миллиард канадалық долларды (106 миллиард АҚШ долларын немесе 103 миллиард еуроны) құрайды.
30 миллиард канадалық долларлық тауарларға арналған баж салығы 4 ақпанда күшіне енеді, қалған тауарларға 21 күннен кейін енгізіледі. Трюдо канадалықтарды өз елдерінен тауар сатып алуға және демалысты АҚШ-та емес, өз елінде өткізуге шақырды.
Оттава қосымша шаралар қолдануды да қарастыруда, оның ішінде маңызды пайдалы қазбалар, энергия сатып алу және басқа да бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Канада АҚШ-тан қойылған баж салығынан зардап шеккен Мексикамен бірге жұмыс істеуге ниетті.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум АҚШ-қа "тарифтік және тарифтік емес шаралармен" жауап беретінін айтты. Бірақ ол диалогқа ашық екенін де жеткізді.
Ал бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті екі көрші ел мен Қытайдан келетін тауарларға баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
Канада мен Мексикадан келетін тауарларға салынатын салық мөлшері 25 пайызды құрайды, ал Канададан келетін энергетикалық ресурстарға 10 пайыздық салық салынады. Қытайдан келетін тауарларға да дәл осындай 10 пайыздық салық енгізілді.
Трамп өз шешімін заңсыз мигранттар мен есірткі контрабандасынан туындаған қауіптермен түсіндірді. Мексика президенті осыған жауап ретінде АҚШ-пен есірткі саудасымен күрес үшін бірлескен жұмыс тобы құруды ұсынды.
"Егер АҚШ қылмыстық топтармен, есірткі саудасымен және зорлық-зомбылықпен күрескісі келсе, біз бірге жұмыс істеп, кешенді тәсілдер қолдануымыз керек. Бірақ бұл әрқашан ортақ жауапкершілік, өзара сенім, ынтымақтастық және ең бастысы, егемендікті құрметтеу негізінде болуы тиіс", - деп түсіндірді Шейнбаум.
Қытай да Вашингтонның әрекетіне жауап беріп, қажетті контршаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қытай Халықаралық сауда ұйымына шағым түсіретінін хабарлады. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысы Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде шиеленісіп кеткен болатын.
Соңғы аптада Дональд Трамп бірнеше маңызды геосаяси мәлімдемелер жасады. Мысалы, ол Канаданы АҚШ құрамына қосылуға шақырып, Даниядан Гренландияны сатып алуға қызығушылық білдірді. Панама каналының АҚШ-қа қайта берілуін талап етті және Мексика шығанағын Американ шығанағы деп қайта атау туралы жарлық шығарды.