Жеті атасын білу — тектілігіміздің кепілі

2726
Adyrna.kz Telegram

Жалпы, халқымызда «Жеті атасын білмеген –жетесіз», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген секілді сөздер бар. Ал оның мән-мағынасына тереңдеп үңілдік пе? Ендеше ол туралы бір сәтке ойланғанымыз абзал. Себебі, жеті атаның биологиялық ғылыми негізі бойынша (әке мен шешенің қан тегі ортақ, тең бөлінген жағдайда) әке қаны балаға 50 пайыз, немереге — 25, шөбереге — 12,5, шөпшекке — 6,25, неменеге — 3,125, туажатқа — 1,56, жүрежатқа — 0,78 пайыз даритынын, одан кейінгі сегізінші ұрпақ жекжаттың үлесіне ештеңе тимейтінін білген қазақтың бір кіндіктен тарағандарға жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуына тыйым салуы туыстық қан араласып тұқым бұзылудан, тектік-генетикалық қасиеттер жойылып, ұрпақтың азғындауынан сақтандыру болатын.

Жақында бір жолдас жігітім: — Осы біз сыған болып бара жатырмыз-ау. Өйткені, үйленіп жатқан жас жұбайлардың ең әрі дегенде құдашалық туыстығы болып шығады. Тіпті ағалы-қарындастылардың бір-біріне ғашықтық сезімдерін білдіріп жүргенін де көріп жүрміз, — деген еді. Расында да солай емес пе? Оған Гүлмира есімді құрбымның өз басынан өткен мына бір оқиғасы әлгінде айтқан жолдасымның сөзіне мысал болатындай.
Сонымен Гүлмира осыдан біраз бұрын Жәнібек есімді жігітпен жүрген. Яғни тарихтағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу секілді екеуінің ғашықтық махаббаты тұтанған. Екеуі бір-бірін жақсы көргені сонша, «өмірімізде екеуміз мәңгі-бақи қол ұстасып өтеміз» деп бір-біріне серт береді. Алайда, екеуінің туған өлкесі алақандай ауыл ғой. Кімнің кімге қалай жақындығы барын бес саусақтай біледі. Білмесе, сұрап алу қиын емес. Бір кездескенде достарының бірі Гүлмираға «Жәнібек сенің ағаң ғой» деп айтып қалады. Міне, содан бастап Жәнібек пен Гүлмираның арасына сызат түседі. Оған себепші болған жай екеуінің үш атадан қосылатын туыстығы.
— Оны Жәнібек білген. Біле тұрса да мен қарамай кетеді деп айтпай жүрген. Ол туралы шешемнен сұрап едім: «Рас, кезінде аталарымыз араласты. Бірақ, кейіннен қол үзіп кетті» дегенді айтты. Сөйтіп, Жәнібек екеуміздің арамыз солай үзілді. Ол басқа қызға үйленіп, отау құрды. Десек те, ол күнде телефон соғып, хабарласып тұрады. Мен де ол соқпай қалса, «не болып қалды екен» деп елегізимін. Тіпті, кейде сағынамын. Оны ешқашан ұмыта алар емеспін. Басқа жігітке қарауға зауқым соқпайды. Кей уақытта не істерімді білмей дал боламын — дейді ол.
Міне, бұл бір қарағанда тек Гүлмираның басына жазылған тағдыр болып көрінгенмен, өмірді барлаған адамға өзекті мәселенің бірі екеніне күмән жоқ. Өйткені, қазіргі таңда жеті атасын білмей махаббаттың шырмауына ілігіп, бастарына проблема тілеп алып жатқан өрімдей жас жігіттер мен қыздар қаншама?! Керек десеңіз, біле тұрса да қызбалыққа салынып, «жүрекке әмір жүрмейдінің» кебін киіп жүргендер де кездесіп жатады. Сонда бұған кім кінәлі? Қоғам ба, әлде қандастарын таныстырмаған ата-ана ма?

Жалпы, халқымызда «Жеті атасын білмеген — жетесіз», «Жеті атасын білген жетімдік көрмейді», «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» деген секілді сөздер бар. Ал оның мән-мағынасына тереңдеп үңілдік пе? Ендеше ол туралы бір сәтке ойланғанымыз абзал. Себебі, жеті атаның биологиялық ғылыми негізі бойынша (әке мен шешенің қан тегі ортақ, тең бөлінген жағдайда) әке қаны балаға 50 пайыз, немереге — 25, шөбереге —12,5, шөпшекке — 6,25, неменеге — 3,125, туажатқа —1,56, жүрежатқа — 0,78 пайыз даритынын, одан кейінгі сегізінші ұрпақ жекжаттың үлесіне ештеңе тимейтінін білген қазақтың бір кіндіктен тарағандарға жетінші ұрпаққа дейін қыз берісіп, қыз алысуына тыйым салуы туыстық қан араласып тұқым бұзылудан, тектік-генетикалық қасиеттер жойылып, ұрпақтың азғындауынан сақтандыру болатын.

Соған сай, ғалым Шынай Рахметұлы баршамызға аян жеті-он ата ұғымын тереңдетіп, өзге ешбір халықта жоқ, бір кіндіктен тараған төрт текті, буынды (бабалар, аталар, немере ағайын және қалыс ағайын) жиырма екі ұрпақтың атауын тізеді. Олар ең түпкі көзден басталғанда былайша сатыланады: 1.Тұқиян, 2.Төркін, 3.Тектік, 4.Баба (Бабалар), 5.Әз ата. 6.Ата. 7. Әке (аталар). Әкеден кейінгі ұрпақтардың сатылы жалғасы: 8.Бала, 9.Немере, 10.Шөбере, 11.Шөпшек. 12. Өбере (немере ағайын) 13. Туажат. 14. Жүрежат, 15. Жекжат. 16. Жұрағат. 17. Жамағат. 18.Өркен. 19.Әулет. 20.Зәузат. 21.Жаран. 22.Қалыс (Қалыс ағайын). Демек, халқымыз жеті аталыққа үлкен мән беріп, жиырма екі ұрпақты аталғандай етіп жіктегенде оны әлгінде айтқан мақал-мәтелдермен түйіндеген. Онымен қоса, халқымыздың кімнен кім өрбігенін «шемішкіше шағып» беретіні де содан болса керек. Сондықтан әрбір ата-ана ұлы мен қызына тәлімді тәрбиесімен бірге жеті атасын білуді де үйреткені жөн. Әрине, қазіргі таңдағы бірен-сараны болмаса, әке-шешелердің көпшілігі-нен, өкінішке орай, «жеті атамызды білмейміз» деген жауап естиміз. Сайып келгенде, ата-аналар балаларына жеті атасын білдіртуі керек-ақ. Оған себеп, заңда да солай көрсетілген. Мәселен, Әділет департаментіндегі мамандардың айтуынша, бір ата мен бір анадан тараған немесе туыстар арасында толыққанды және толық емес (әкесі бір, шешесі бөлек, шешесі бір, әкесі басқа) ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер некеге тұра алмайды.
Бүгінде кімнің кімнен тарағаны хақында ру-руға бөлінген шежіре кітаптар шығып жатыр. Мұның, айналып келгенде, жеті атасын білуге септесетіні мәлім. Бұған діни тұрғыда баға беретін имамдар қосылады. Өйткені, олардың түсіндіруінше, пайғамбарымыздың «Сүйген жарыңды әріден таңда» деген хадисі де бар көрінеді.

Иә, «Адамдар арасындағы сұлулықты сақтаудың ең басты жолы — қандасына үйленбеу» дейді даңқты батыр, жазушы Бауыржан Момышұлы. Олай болса, қалай болғанда да, жеті атадан аспай қыз алыспаған бабалар тектілігін жоғалтпағанымыз дұрыс. Себебі, бабалар тектілігі — бүгінгі ұлтымызды ұлықтайтын, қанымыздың тазалығының айғағы. Оны бүгінгі медицина да дәлелдеп отыр. Сондықтан осы күнгі жас ұрпақ бұл мәселеге үлкен түсіністікпен қарауы қажет.


Бауыржан СИСЕНОВ,
Атырау қаласы,

«Алтын Орда»

 

 

Пікірлер