5-сынып оқулығынан дау туып, министрлік жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.
Facebook желісінде орыс мектептеріне арналған орыс тілі мен әдебиеті оқулығы туралы пікір жарияланды.
"Орыс тілі мен әдебиеті оқулығы. 5 сынып. Авторы Жанпеисова У.А. 2-бөлім, 16-бет. Қазақ халық ертегісін оқиық! Бізде Жошы емес Хусаин деген хан болыпты, оған баласының қазасын жеткізген Кетбұға емес, Али деген күйші болыпты-мыс. Қалай бұл?" - деді ол.
Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы жағдайға қатысты пікір білдірді.
"5-сыныпқа арналған «Атамұра» баспасының «Орыс тілі мен әдебиеті» оқулығы 5-9 сыныптарға арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» Үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес әзірленген. Бағдарламаның мазмұнына сәйкес, оқушылардың міндетті түрде оқуы тиіс шығармалар тізімі анықталған, олардың ішінде қазақ халық ертегісі «Мастер Али» де бар. Осы талапты орындау мақсатында, аталған шығарма қазіргі қолданыстағы оқулыққа енгізілген.
«Мастер Али» – ойдан шығарылған оқиғалар мен кейіпкерлерге негізделген қазақ халық ертегісі. Бұл шығарманың мазмұнында нақты тарихи тұлғалар – Жошы хан мен Кетбұға кездеспейді. Дегенмен, басылым авторлары «Мастер Али» ертегісін «Ақсақ құлан» аңызы сияқты нақты тарихи оқиғалар мазмұнына ұқсатып, шығарма ретінде қарастырған. Сондай-ақ, 5-сыныптың оқу бағдарламасында аңыздарды фольклордың жеке жанры ретінде оқыту қарастырылмағанын ескеру қажет.
«Мастер Али» ертегісі «Золотой кувшин» (1952), «Музыка-кудесница» (1987) сияқты жинақтарда басылып шыққан", - делінген ресми жауапта.
Ал министрлік өкілдері бұл оқулық орта білім берудің 5-9 сыныптарына арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес әзірленгенін айтады.
"Бұл бағдарлама орыс тілі оқытылмайтын мектептер үшін жасалған және онда міндетті түрде оқылатын шығармалардың тізімі бекітілген. Осы тізімге «Әли шебер» (Мастер Али) атты қазақ халық ертегісі де кіреді. Сондықтан бұл шығарма аталған оқулыққа енгізілген. «Әли шебер» – қазақ халық ертегісі, ауыз әдебиетінің жанрына жататын шығарма. Ертегінің сюжеті ойдан шығарылған кейіпкерлер мен оқиғаларға негізделген. Бұл ертегіде Жошы хан мен Кетбұқа сияқты нақты тарихи тұлғалар кездеспейді. Жарияланған сын мақалалардың авторлары «Әли шебер» ертегісі мен нақты тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызын шатастырған. Айта кету керек, 5-сыныптың оқу бағдарламасында аңыздарды фольклордың жеке жанры ретінде оқыту қарастырылмаған", - деді.