Зейнеп АХМЕТОВА: Қазақтың тыйымында да ұлттық қасиет сақталған

5605
Adyrna.kz Telegram

Өзге халықтарды қайдам, біздің халықта тыйым сөздер өте көп. Өзіміздің ұлтымызға қатысты ырым-тыйымдарымыз қаншама! Оның барлығын газет бетіне тізбелеп шығу мүмкін емес. Сондықтан өте жиі айтылатын, бала кезімізден естіп келе жатқан әрі балаларымызға да үнемі айтып отыратын тыйым сөздер жайлы Зейнеп апайымыз не дейді екен? Сонымен…

ДҮНИЕДЕГІ ЕҢ ҰЛЫ КІТАП — ЖАРАТЫЛЫСТЫҢ ӨЗІ
Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымы, киген киімі, тіпті күнделікті ішетін тамағының өзі ұлттық қасиетті сақтап қалатынын ескеруіміз керек. Қазір кейбіреулер өзгенікін киіп, өзгенікін ішіп, өзінікінен жерінді. Сол себепті де қазақы болмысымыздан, қазақы иісімізден біртіндеп айырылып жатырмыз. Өткен әңгімелерімізде от пен судың қасиеті жайлы айтып өттік. Солардың қатарына қазақ топырақты, яғни жерді де жатқызған. Бүкіл тіршілік иесінің барлығы жердің бетінде өсіп-өніп жатыр. Жаратқан иеміз адамзатқа жер деген керемет қасиетті мекенді әрі осы жердің бетіндегі бүкіл тіршілік иесіне жететін ризықты мол ғып қосып берген. Өкінішке қарай, жердің бетін бүлдіріп жүргендер де — адамдар. Адамның белгілі бір тобы өзі тойса да көзі тоймай, менмендіктен, ашкөздіктен, баққұмарлықтан жердің бетінде неше түрлі қантөгістер, соғыстар жасап жатыр…
Дүниенің төрт негізі — от, су, ауа, топырақты бағалап, қасиетті анаға теңеп жатамыз. Жер-ана деп ардақтаймыз, туған топырағымызды қасиетті Жер-анаға балаймыз. Өйткені адамзат жерден нәр алады, жерден бәрі беріліп отыр. Кішкентай кезімізде шешелеріміз көктемнің жауыны жауғанда: «Барыңдар, жүгіріп келіңдер!» — деп жалаң аяқ, жалаң бас қоя беретін. Көктемнің алғашқы жаңбырының астында солай асыр салушы ек… Бойдағы дерт-дермен көктемнің алғашқы жауынымен кететіндігімен, Жер-ана адам бойындағы кеселді тартып алатындығымен түсіндіретін үлкендер мұны. Адам бойында кесел-кесепат болса, Жер-ана тартып алады дейтін еді. Көргенді енелер аяғы ауыр келіндеріне: «О, кеудесі түкті қасиетті Жер-ана, перзентіңе өзің күш-қуат бере гөр!» — деп тілек тілеп, жерде жалаң аяқ жүргізетін. Шынында да, жердің қасиеттілігі соншалық, әртүрлі былғаныш энергияны тартып әкетеді. Жай (найзағай) түскен адамды да жерге көмеді. Тіпті тоқ желілері шоғырланып орналасқан жерлерде бұрындары арнайы қазылып қойған ұралар да болған. Тоқ соққан адамды дереу сол ұраларға жайғастыратын. Өйткені жер бойдағы артық энергияның барлығын тартып алатын, яғни жай түскенде, тоқ соққанда жердің өзі адамды «емдейді». Бала кезімізде жалаңаяқ шапқылап ойнап жүргенімізде аяғымызды бірдеме тіліп кетсе, топырақты сеуіп-сеуіп ары қарай ойнымызды жалғастырып кете беруші ек… Сонда, Құдайдың құдіреті, ол кездегі ауаның да, топырақтың да тазалығы болуы керек, қазіргідей былғанбағандықтан да шығар, ешқандай дәрі-дәрмексіз-ақ жарамыз жазылып кететін. Тіпті топырақты аңсап тұратын, топырақ жегісі келетін балалар болады. Ондай балалар тамның іргесін шұқылап, топырақ жеп жүреді. Сары топыраққа жерік болған келіндерді де көрдік. Оның себебі өзіміз топырақтан жаралдық. Жанымыз жоғарғы жақтан берілсе, біздің сыртқы қабатымыз, яғни дүниенің төрт негізінсіз (ауа, су, от, топырақ) тіршілік ете алмайтын тәніміз қайтадан Жер-ананың қойнына барады. Жанымыз қайда қонақтайды, не болады ол жағы бізге беймәлім. Оның бәрі адамзатқа құпия, бүркеулі. Оны тек бір Алла ғана біледі. Дүниедегі ең ұлы кітап — Жаратылыстың өзі. Ата-бабамыз табиғаттың аясында жүргендіктен, жаратылыстың өзінен оқып-үйренгендіктен де жаратылыспен бірлікте, сәйкесе отырып, оның тепе-теңдігін бұзбай тіршілік еткендіктен, қазақ дейтін халық небір шапқыншылықтан, жаугершіліктен аман-есен өтіп, ұрпағы бүгінге жетіп отыр. Ал жер бетінен жойылып кеткен халық қаншама…
Халқымызда жерге қатысты «жер таянба» деген тыйым сөз бар. Малынан да, жанынан да айырылып, жападан-жалғыз қалған адам екі қолымен жер таянып, еңсесі көтерілмей қалады екен. «Байғұс-ай, жер таянып қалды-ау…», «қартайғанда жер сипап қалды ғой…» деп жатады мұндай адамдар жайлы сөз қозғағанда. Сондықтан тек жақсылыққа жаны құмар халқымыз жер таянғанды жаман ырымға балаған.

 

«ТАЛДАН ТАЯҚ ЖАС БАЛА ТАЯНБАЙДЫ…»
Тыйым сөздердің бір парасы адамның өзін-өзі ұстауына келіп тіреліп жатады. Әдетте «бүйіріңді таянба» деген тыйымды жиі естиміз. Көпшілігі мұның себебін «жаман болады» дей салады, таратып түсіндіре бермейді. Айталық, бір үйдің адамы қаза болғанда ол адамның жақындары қимастықпен егіліп жылайды. Езіліп жылайды. Өксіп жылайды. Солқылдап жылайды. Мұндай кезде адамның ішкі ағзасының барлығы бірдей қозғалысқа түседі. Солқылдап жылағанда бүйрек пен бауыр созылып кетуі мүмкін. Мұның барлығы жүрекке салмақ салады. Осындай қаза үстінде қаралы үйдің адамдары белдерін мықтап буады. Белін мықтап буған адамның ішкі құрылысы жылаған кезде бос тұрмайды. Содан кейін екі иіні түсіп бүкшиіп қалмайды, өйткені белі буылған адамның иығы көтеріледі. Екі бармақты белді буған жерге — мықыннан сұғып отырғанда адам еңсесі түспей, тіктеле түседі. Бір жағынан, бұл — сүйеу, тіреу. Мұны үйдегі әйелдер істейді. Олар орамалдың ішінен байлауышпен басын да мықтап байлайды. Бүйірін таянған адамға «жаман болады» дейтіннің себебі — осы. Жайшылықта бүйірді таяну жамандық шақырғанмен бірдей. Ол — амалсыздан, қазаның үстінде, қара жамылып отырғанда басқа түсетін жағдай. Біздің кейбір әртіс қыздарымыз сахнаға шыққан кезде бүйірін таянып алатындары бар. Үнемі айтып келемін, тыйым сөз әншейін сөз емес. Біздің халқымыз «жақсы сөздің жарым ырыс» екенін, «сөздің жаны бар» екенін үнемі айтып отырады. Ал жаңағы өнерде жүрген қыздарымыздың құлағына тыйым сөздер кішкентайынан сіңбегендіктен осындай өрескелдікке барып жүр. Ғалымдар мұны басқа жағынан дәлелдеп отыр. Әр адамның аузынан шыққан әрбір сөз қайталанған сайын материяға айналады екен. Сондықтан біздің халқымыз жаман сөзді емес, жақсы сөзді көп айтуға тырысады. Бата-тілекті көп береді. «Таяққа таянба» деген тыйым да бар. Жас адамға жайшылықта таяққа таянуға болмайды. Халық әніндегі «талдан таяқ жас бала таянбайды…» деген сөздің астарына үңілдік пе? Жүрісі ауырлаған кәрі адам болса, бір жөн. Өйткені таяқ оның жүріп-тұруына тіреу болады. Ет жақын адамы қаза болғанда ер адамдар да белін мықтап буып, барлығы далада түрегеп, таяқ ұстап тұрады. Үлкені-кішісі бар, барлығы таяққа сүйенген. Басы — қаралы, жүрегі жаралы болып тұрған адамға бұл оңай емес. Ал қолдарындағы таяқ — басына қайғы түскен адамдарға сүйеу. Міне, сол себептен «жамандық шақырады» деп, жастардың жайшылықта таяққа таянғанын құп көрмеген, яғни таяқ ұстатқызбаған. Осылардың мән-мағынасын тиянақтап түсіндірген кезде баланың өзі де таяқ ұстамайтын, бүйірін таянбайтын болады.
Жиі еститін тыйым сөздің бірі — «тізеңді құшақтама» деген сөз. Қазақта «қу тізесін құшақтап қалды» деген сөз бар. Бұл да — сол, барлығынан, әсіресе, перзентінен айырылып, қу тізесінен басқа сүйенер ешкімі қалмаған адамға қатысты айтылған. «Жағыңды таянба» деп жатамыз. Неге? Жақты таяну, біріншіден, көрер көзге сүйкімді емес, өрескел көрінеді. Екіншіден, басына қам-қайғы түскен, өмірдің соққысын көріп, басы ойға толып ауырлап, басын көтеруге шамасы келмей қалған адам ғана жағын таянады. Бұл тыйым «осындай халге жетпесін», «мұндай қасіретті басына бермесін» деген ізгі ниеттен туған. «Қолыңды төбеңе қойма» деп те жиі айтамыз. Бұл да осымен мағыналас. Басына іс түскен, соның шешімін таба алмаған немесе айналасынан зәбір-жапаны көп көріп, табаны тұрақтайтын тиянақ таба алмай, жанашыр сезім көре алмаған адамдарға қатысты «екі қолын төбесіне қойып, безіп кетті» деп жатамыз. Екі қолды төбеге қою — былай айтқанда, дүниеден баз кешу, түңілу, яғни бұл да жақсылық емес. Міне, бұл тыйымдар, біріншіден, эстетикалық мәнге ие болса, екінші жағынан, осындай астарлы мағынасы бар. Кез келген тыйым сөздің себебін балаға тереңдетіп түсіндіре білгендеріңіз жөн. Ал оған бір ауыз сөзбен құр «жаман болады» деп айта салсаңыз, одан еш нәтиже болмайды…

 


Әңгімелескен
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,

«Айқын».

 

Пікірлер