Зейнеп Ахметова: Наурыз – шаруа тойы, табиғат мерекесі

4013
Adyrna.kz Telegram

Ұлыдан ұлағат

Әрбір жылды хайуан атымен атайтынын кез келген қазақ біледі. Сөз реті келіп тұрғанда марқұм атаның немересі Ержанға жыл атауларын қалай үйреткенін айта кетейін. «Тышқан жылы – тыныштық; Сиыр жылы – сыйлық;  Барыс жылы – бірлік; Қоян жылы – қамбалы; Ұлу жылы – үлгілі; Жылан жылы – жайлы; Жылқы жылы – жұтсыз; Қой жылы – құтты; Мешін жылы – мерейлі; Тауық жылы – табысты; Ит жылы – игілік; Доңыз жылы – дүниелі», – деп әрқайсысының мағынасын ашып түсіндірді. Тұла бойы құт-береке молшылыққа, бейбіт тыныштыққа бағышталған жыл атауларын бала түгілі, оның әке-шешесі – біз естімеген едік. Жылдың жаманы жоқ екен. Оны жақсы ететін де, бүлдіретін де адамдардың ниет-пиғылы мен іс-әрекеті екенін түсіндік. Ата ары қарай түйе бойына сеніп тұрғанда тышқан алтын нұр – жылды бірінші көріп, жыл басы дәрежесіне ие болғаны жайлы жалпы ел білетін аңызды айтты. Сонда немересі: «Түйе мақтаншақ! Түйе мақтаншақ!» – деп балалығына басып жіберді. Атасы оған: «Олай деме, түйе – қасиетті жануар. Түйе жылдың басы болмағанымен он екі жылды бойына сыйғызып тұр. Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар. Құлағы – тышқан, бақайы – сиыр, тірсегі – барыс, еріні – қоян, төбесі (қарақұсы) – жылқы, тісі – қой, жүні – мешін, мойыны – тауық, шөккені – ұлу, қабағы – жылан, табаны – ит, құйрығы – доңыз», – дегенде түйенің сыртқы жаратылыс пошымын көз алдымызға келтіріп қайран қалып едік…

(Б.Момышұлының келіні Зейнеп апайдың естелігінен)

Наурыз – шаруа тойы, табиғат мерекесі

– «Үлкеннен – үлгі, ағадан – өнеге, атадан – ақыл» дейді көнелер сөзі. Менің де азды-көпті айтып жүргендерім – ақ сақалды аталар мен ақ шашты әжелерден естігендерім мен көзбен көріп, көкейге түйгендерім. Қалай десек те, қазіргі бүлдіршіндерге қарағанда, біздің балалық шағымыз, тәрбие алған ортамыз басқашалау болды. Өз басым басқа ұлт араласпаған түкпірдегі таза қазақ ауылында өстім. Ол кезде тумысынан көкірек көзі ашық ақылгөй аталар мен әдеп-инабаттың кеніндей текті әжелер көп секілді еді. Халқымыздың талай салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары үкісі қисаймай, күнделікті тіршілікте табиғи түрде өз жөнімен өтіп жататын. «Бала жасындағысын ұмытпайды» демекші, балауса шақтағы көптеген көркем көріністер көз алдыңда моншақтай тізіліп қалып қояды екен. Бұл күнде өзімнен кейінгі жасы кіші жас ұрпаққа алдымда өтіп кеткен шежіре қариялардың үлгі-өнегесін, тіршілік тұжырымдарын, дүниетанымын айта жүруді өзіме міндет санаймын. Ерте кезде қазақтар жылдың басын көкек айынан бастаған. Көкек көктемнің алғашқы айы болғандықтан шаруа күйттеген көшпенді ел бұл айды асыға күткен. «Көкек келді, көктем келді, көкек келсең көптен бер,  көптен берсең көпке бар» дейтін тілек сол кездерден қалған. Ал Наурыз – көкек айында басталатын бүкілхалықтық ұлы мерекенің аты. Жақсы сөзді жарым ырысқа балайтын ырымшыл халқымыз көкек дейтін құстың ұшқалақ, жеңілтектігін ұнатпай, айдың атын мейрам атымен атап кеткен. Наурыз сөзі – парсы тілінде «нав» – жаңа, «руз» – күн, яғни «жаңа күн» деген сөз. Наурыз мерекесін, жыл басы салтанатын дүниежүзінің бірқатар елдері: Үндістан, Иран, Ауғанстан, Кавказ, Орта Азия халықтары мереке ретінде тойлайды.

Әр халықтың өзіне тән таным-нанымы, салт-дәстүрі болғандықтан, Наурызды қарсы алып тойлаудың өз үлгілері мен қағидалары қалыптасқан. Сол секілді біздің қазақ халқының да басқаға ұқсамайтын сұлу салты, жарасымды жөн-жоралғысы бар.

Наурызды атап өтудің мән-мағынасы

– Қазақ сияқты көшпенді жұрттың Наурыз мерекесін қастерлеп-қасиеттеп атап өтуінде үлкен мән жатыр. Тіршілік-тынысы мал шаруа-шылығымен тікелей байланысты болғандықтан, қыс бойы тар қыстауда қысылып, сайдың сағасын, таудың ығын паналап, малын жұттын, жыртқыш аңнан аман-сау алып шығудың өзі қаншама күш-қайратты, төзімділікті қажет етеді десеңізші! Наурыз келгенде қыс құрсауы босап, жер арқасы жібіп, жаңа тіршілік басталып, табиғат-ана түлей бастайды. Жан-жануар мен өсімдік әлеміне жан кіреді. Одан ары қарай мал төлдеп, елдің аузы аққа тиіп, уызға жариды. Жыл құстары келіп, тынысы кеңиді, көңілі сергиді. Тірі жан иесі күн шуағынан күш алады. Елдің ардақтап  асыға күтетін жыл мерекесі, шаруа тойы, табиғат мейрамы осы Наурыз болғандықтан, бұл күнге әр отбасы қыстан бастап дайындық жасаған. Қысқы соғымның қадірлі мүшелерінен(шеке, жамбас, жілік, қазы) әдейі арнап сүр сақтайды. «Наурызда ашамын» деп әжелер қарындағы майын, жент, құрт, ірімшік секілді тағамдарын алдын ала үнемдеп, қамданып жүреді. Ісмер аналар мен апалардың жөн көрсетуімен қыз-келіншектер ою ойып, кесте тігіп, шашақ түйіп, құрақ құрап, түскиіз, алаша, сырмақ, төсек жапқыш секілді үй бұйымдарын жасайды. Отбасына кем дегенде осындай бірер зат қосуға тырысады. Қыздар әкесіне, ағаларына арнап тақия тігіп, беторамал кестелейді. Ұл балалар ағаштан ожау, қасық, тостаған, саптаяқ, тегене секілді әркім өзінің қолынан келгенін жасап, үйге қажет дүниенің толығуына септігін тигізетін болған.

Қыз-келіншектер өз қолдарынан шыққан сәнді бұйымдарын Наурыз күні үй ішіне жайнатып іліп тастайды. Ауылдағы жасы үлкендер оларды көргенде «пәленшенің түскиізі көз тартарлық», «түгеншенің сырмағы айшықты, өрнегі қанық, келісті шығыпты» деген секілді мақтауларды бағыштап, өзгелерге үлгі етеді. Іс тігушілер өнерінің жұрт алдында бағаланарын білгендіктен әрқайсысы басқаға ұқсамайтын өз өрнегі мен нақышын табуға тырысқан. Жастардың шеберлігі мен ісмерлігі осылай шыңдала түскен.

Наурыз жақындап қалғанда үйдің айналасын күл-қоқыстан тазартып, текемет-сырмақтарды шаң-тозаңнан арылтып, кір нәрсе қалдырмай жуып, әр отбасы мерекеге дайындалған. Ерлер жағы шаштарын алып, сақал-мұрттарын басып дегендей, әйелдер болса балаларын жуындырып, тырнақ-шаштарын алғызып, бұрым-кекілдерін сәндеп, қарапайым болса да бір жаңа киімдерін әзірлеп, өздері кимешек, орамал-шаршыларын ағартып, әйтеуір бір әдемі абыр-сабыр, қуанышты қарбалас тіршілікке кірісіп кетеді. Өйткені жаңа жылды – қасиетті Наурыз күнін кіршіксіз тазалықпен, ақ ниет шынайы пейілмен қарсы алса, жыл бойы жақсылық болады, ауру-сырқау аулақ жүреді деп түсінген.

«Әз болмай, мәз болмайды…»

– Ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қызыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қызыр бабаның мейірі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалдырмай, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген. Саналы адам жыл бойы істеген істеріне, тіршілігіне өз арының алдында есеп беріп, білмей жасаған, біліп жасаған  қателіктері үшін Жаратқаннан кешірім сұрап сыйынады. Сенім деген – ұлы күш. Ол адамға рухани қуат пен жігер береді. Табыну, сыйыну пенденің ішкі болмысының тазаруына жол ашады. Адамгершілік пен мейірбандық сезімін оятады. Халқымыздың ертедегі таным-нанымы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде аспанды жарып бір ғажайып гуіл естіледі. Сол үнді «әз» дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесі, жалпы тіршілік  әлемі қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Наурыз біздің сағат уақытымен айтсақ, түнгі үште келеді. Наурыздың таң шапағын, көкжиектен көтерілген күннің қызылын көруді ата-аналарымыз бір ғанибет санаушы еді. Наурыз күні күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамның бойына күш-қуат тарайды дейді.

Наурыз мейрамына арнап мал сойылмайды, Құран оқылып, уағыз айтылмайды

– Наурыз күні туған сәбилерді «Ұлыс күні дүниеге келді, құдайдың оңдап, Қызырдың қолдағаны» деп айрықша ардақтайтын болған. Бала тұрмақ Наурыз айында туған – бота, бұзау, құлын мен қозы-лақты «Наурыз төлі» деп жаңа жыл төлінің басы ретінде бағалайды. «Наурызтөлді» күтімге алып, жақсылап бағады. Оны сатуға болмайды, сыйға бермейді. Наурыз мейрамында мал соймайды, жалпы қан шығармайды. Өсер төлге, көбейер малға кесірі тиеді, мал басы кемиді деген тыйым бар. Сонымен бірге Наурыз күні шаш, тырнақ алмайды. Өйткені адамның қара тырнағынан бастап, шашына дейін жаңарып түлейді. Наурыздың бірінші күні, яғни Ұлыстың ұлы күні кір жумайды, жолға шықпайды, құрылыс бастамайды, іс тікпейді, мылтық атпайды, қақпан құрмайды, тұзақ салмайды.

Бұл күн – тіршілік әлемінің тойы. Тегінде Наурыз мейрамында атам заманнан келе жатқан ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар, ислам дінінен бұрынғы таным-нанымдар кеңінен көрініс  алады. Сондықтан болар, Ислам дініне қатысты ешқандай ғибадат өтелмейді. Қазіргі кезде дін мен Наурызды ұштастырып, байланыстырып Ұлыс күні қой сойып, Құран оқып, шариғаттан уағыз айтатын болды. Ал шындап келгенде, Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі; Наурыз – адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі; Наурыз – әрбір шаңыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық, құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі; Наурыз – жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын Ынтымақ-бірлік мерекесі; Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.

Бұл күні адамдар кешірімді болуы керек

– Ұлыстың ұлы күні қуанбайтын, серпілмейтін, мейірленбейтін адам өте сирек болған. Наурыз күні адамдар бірін-бірі ренжітпеуі керек. Бейберекет сөйлеу, келеңсіз іс істеу, біреуге тіл тигізу, қол жұмсау секілді жағымсыз әрекеттерді жасаған адам күнәға батады дейді. Ағайын-туыс, құда-жекжат, көрші-қолаң, абысын-ажын арасында бір жылдан бері созылып келе жатқан, сақталып қалған реніш, өкпе-араздық болса, Наурыз күні сөзге келмей татуласатын болған. Біреудің араға дәнекер болуын күтпей-ақ құшақ айқастырып, өткен-кеткен көңіл кірін өздері жуып-шайып жіберген. Тіпті ру мен рудың арасындағы шиеленіскен дау-дамайды ел ағалары «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Татулық – таптырмас бақыт», «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады», «Шын жақсының ашуы бар да, кегі жоқ» деген сияқты дана ұғымдарды алға тоса отырып, ынтымақ пен бүтіндікке шақырады. Бір-бірінен іргесін аулақ салып, аттарын бөлек байлап жүрген екі жақтың ренжіскен адамдарын ақылгөй аталарымыз бір дстарқан басынан дәм татқызып, татуластырып, елдің бірлігін нығайтуға күш салған. Аса бір басы – елге, аяғы жерге сыймайтын парықсыз пенде болмаса, қасиетті Наурыз күні бітімге келмейтін адам кемде-кем болған екен. Наурыз мерекесінде «Самарқанның көк тасы ериді» дейді екен. Қазақ халқы бұрын жетімін тентіретпеген, жесірін жылатпаған, кедейін кеудеге итермеген. «Жетім мен жесірге бұлақ бол, жоқ-жітікке шырақ бол» деп Ұлыс күні жетім-жесірге, жарлы-жүдеулерге ел болып қайырым-көмек көрсетіп, қолтығынан сүйеп жіберетін болған. Бұл да – қазақтың заманнын заман оздырған ата дәстүрі.

Ауа райын да алдын ала болжап білген

– Мұның барлығы табиғатпен, жаратылыспен байланысты болып келеді. Бұл – кездейсоқ емес, өте ертеден қалыптасқан ата-бабаларымыздың дүниетанымы. Олар табиғатқа табына жүріп, табиғатты өзінің өмірін сақтаушы кие тұтқан, тіршілігінің мәні мен сәні ретінде ардақтаған. Бабаларымыз аспан әлемін, аспан денелерінің қозғалысын, өзгерісін бақылап, оны тұрмыс-тіршілігіне пайдалана білген. Наурыз күні қар немесе жауын жауса, «Құдайдың нұры жауды, құт-берекелі жыл болады» деп ел қуанған. Наурызда жауған қарды «ақша қар», «наурызша» дейді. Мұның қыстағы жауған қардан өзгешелігі ақ үкінің жүніндей ерекше үлпілдек болады. Байқасаңыз, аппақ әдемі қыздарды «наурыздың ақша қарындай екен…» деп теңейтін сөз бар. Бабаларымыз табиғаттың тынысын тыңдап, үнін естуге, оны құдіретті күшімен қат-қабат құпия сырларын ұғынуға тырысып, өзін қоршаған жаратылыс дүниесі және оның алуан түрлі құбылыстары жөнінде ой толғаған. Қариялардың наурыздағы ауа райының өзгерістеріне қарап жасаған болжамдары дәл келеді. Мысалы, наурыз айының бас жағында күн жылынып, қар босап, торғай тұмсығы малынатындай ерісе, жаз ерте шығады деп есептейді. Ал күн қабағын түйіп сұрланып тұрып алса, ауа райы өзгеріп, жауынды-шашынды, мал-жанға мазасыз болады дейді. Әйтсе де қанша құбылғанымен Наурыз келген соң-ақ қыстың қаһары қалмайды.

Наурыз келіп, қар кетті,

Ақ қар, көк мұз жұтатқан,

Шаруа елінен зар кетті.

Наурыз келіп, жаз кірді,

Жаз хабаршы «Әз» кірді.

Күнге тосып арқасын,

Жан біткенге наз кірді, – деп Наурыз жырында айтылғанындай ендігі жерде күннің жазға қарай ауысарын анық білген.

Наурызкөже қалай дайындалған?

– Мерекеде әрбір үй кезекпен Наурызкөже жасайды. Бұған су мен тұздан басқа(қазақта тоғыз саны да қасиетті) жеті түрлі дәм салынады әрі «тек мына дәм салынуы керек» деп шектеу қоймаған. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тек міндетті түрде дәм саны жетеу болған. Сөйтіп, наурыз күні қазандар көжеге толады. Ауыл ақсақалдары  бастаған кісілер көже салған үйлерге кезегімен кіріп, қонақ болады. Әдетте әйелдер мен балалар ыдыс ала жүреді. Өйткені үйдегі келмей қалғандардың сыбағасын беріп жіберіп отыратын болған. Осылайша әр үйден құйып әкелген көжені өз үйінің қазанында қалған көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз араласып, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдіреді. Айта кететін бір нәрсе, көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл – «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді. Наурызда қариялар өздері рұқсат етіп, жиналған топты бөлмесе, өз бетінше ешкім бұра тартып, бөлек кетіп сыбаға жеп, көже ішуге бармайды. Бұл ынтымақ пен бірлікті бұзады деп ырымдайды. Ұлыс күні жігіт-желең, жасөспірім балалар үлкен кісілермен бірге жүріп, қарттарға қызмет етеді. Қолына су құйып, орамал ұсынып, есік ашып, табақ тартып, көже ұсынып дегендей, қалайда қариялардың ықыласына ілінуге тырысады. Наурыз күні үлкендерден бата алу үлкен мәртебе саналған. Оң тізесін бүгіп, екі қолды жоғары көтеріп алақан жая бата сұраған жігіттер мен балаларға ақсақалды аталар күн нұрындай сәулелі, жаныңды жадырататын мағыналы да мәнді бата береді.  Көже пісіріп қазан-ошақ басында жүрген келіндерді шақырып ақсақал аталар:

Көже істеген келіндер,

Көпке жаққан елшіл бол!

Бозторғайдай төлшіл бол!

Ор қояндай көзді бол!

Шешен тілді сөзді бол!

Өркенді бол, ойлы бол,

Өз құрбыңның алды бол! – деп дарқан көңілмен ризашылықтарын білдірген. Әрине, Наурызда айтылатын ақ алғысты, терең мағыналы бата түрі көп қой… Наурыз тамашасы қыдырып көже ішумен шектелмейді. Балуан күресі, арқан тарту сияқты сайыстар өткізіліп, әнші-күйшілер, ақындар өнерін ортаға салады. Көптің көңілін көтеріп, тойды қыздырады.

«Бала жасындағысын ұмытпайды»

– Жыл құстары келе бастаған кезді қазақтар «ілгері салым күндерге жеттік» деп қуанады. Көктем күндері ерекше күтетін құстың бірі – «Наурызкөк» деп аталатын кіп-кішкентай құс. Бала кезімізде анамыз: «Наурызкөкті көргенде шошытып қумаңдар, «Наурызкөгім, келдің бе» деп шақырып, жем шашыңдар», – деуші еді. Осы құстың келуімен қарайлас Наурызшешек шығады. Наурызшешек – өте әдемі көпжылдық гүлді өсімдік. «Биыл біреуін үзсең, келесі жылы он гүл шықпай қалады» деп, осы гүлды анамыз жұлғызбайтын. Менің әлі күнге дейін есімде, кішкене кезімізде әр наурыз сайын аталарымыз ойын балаларын тегіс жинайтын. Топ-топқа бөліп, ересек балаларды бас етіп, бұлақтың көзін ашуға жіберуші еді. Ата- әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашу – Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың – өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың», – дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай, бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші ек… Бұл біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі еді…

Бүгінгі наурыз мейрамы жайлы…

– Өкінішке қарай, кез келген нәрсені ұрандатып істеуге үйренгендіктен болар, тыныс-тіршілігімізде жіксіз жымдасып, табиғи түрде өтуі керек айқын дәстүрлердің өзін науқанға айналдырып жіберетініміз бар. Наурыз мерекесінің негізгі мән-мағынасы бұл күнде ауытыңқырап, у-шумен көшеге шығып кетті. Жоспармен, нұсқаумен өткізуге дағдыланып бара жатқандаймыз. Тіпті бәсеке-жарысқа «керек» адамдарды күтіп жіберуге, көзіне түсіп қалуға арнап киіз үйлер тігіліп, шашылып-төгіліп жатқандарды көргенде, өкініп-ақ қаласың. Неге десеңіз, сол тігілген үйлерге қарапайым қариялар бас сұға алмайды. Отбасында Наурызға қатысты еш дайындық жасамай-ақ, Наурызкөже дәмін ешкімге татырмай-ақ, көшеден қыдырып келіп, «Наурыз өткіздік» дейтіндер толып жатыр. Жаңа күнді, жылдың басын, әрі-беріден соң қазақ халқының маңдайындағы жалғыз ұлттық мерекесін ардақтап, ұрпағымыздың санасына сіңіру – әр ата-ананың парызы. Түтін түтетіп отырған әр шаңырақ ақ ниет, таза жүрекпен, мейіріммен, үлкен сеніммен Ұлыс күнін, ең алдымен, өз отының басында қарсы алуды дәстүрге айналдырулары керек. Жер әлем, Табиғат-ана жаңарып жатқанда бүкпесіз тілеген тілек қабыл болады. Барына да, жоғына да тәубе деген ынсапты, сабырлы адамның жолы ашылады.Ұлыс күні қалтқысыз жасаған қайырымның сауабы зор, шарапаты мол. Құдайға шүкір, көп жыл көзімізден таса болған қасиетті мерекемізбен қауышқалы бері жаңа дәстүрлер де қосылып келеді. Ата-бабадан қалған жақсыны бүгінгі жаңамен ұштастырып жалғастырсақ, қазақ дейтін халықтың мерейі үстем, қонар тұғыры биік болары сөзсіз.

Бұл күнгі амандасу, сәлемдесу де көз үйреніп, кұлақ естіген есендік-саулық сұраудан бөлек

– Бұл күні адамдар бірімен-бірі «Ұлыс оң болсын, қайда барса жол болсын!», «Ұлыс береке әкелсін!», «Наурыз құтты болсын!», «Қызыр дарысын, бақ қонсын!», Ұлыс береке берсін, пәле-жала жерге енсін!», «Ақ мол болсын!» – деген сияқты жүрекжарды тілектерді айтып амандасады. Адамдар «бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де бар, айдан – аман, жылдан есен өтейік» деп  тіршіліктеріне, сау-сәлемет көріскендеріне шүкіршілік етеді. Азды-көпті үлкендерден алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиенің басын біраз айттым. Мен тыңнан жол салған жоқпын, жаңалық ашпадым, тек халықта бұрыннан барды айттым. Халық – ғаламат бір қазына, халықта бардың бәрін айтуға адамның ғұмыры жетпейді. «Қанша көп білсең де, көптен артық білмейсің» дейді даналар сөзі. Дегенмен білгеніңді бөлісу ол да бір жақсылық деп ойлаймын…


Әңгімелескен Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ

Пікірлер