Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу жалғасып жатыр

156
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден скрин
Фото: Бейнеден скрин

Ресейдің Тергеу комитеті Қазақстан аумағында 39 адамның қаза болуына және 28 адамның денсаулығына зиян келтірген «Әзербайжан әуе желілері» әуе компаниясының Embraer-E190 ұшағының апатына байланысты тергеу амалдарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі мәлімдеді.

«Ресейдің Тергеу комитеті 2024 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағында 39 адамның қаза болуына және 28 адамның денсаулығына зиян келтірілуіне (РФ ҚК 263-бабы) әкелген «Әзербайжан әуе желілері» әуе компаниясының Embraer-E190 ұшағының апатқа ұшырауы бойынша қылмыстық істі тергеу амалдарын жалғастырып отыр», – делінген мәлімдемеде.

РФ Тергеу комитетінің хабарлауынша, диспетчерлік қызмет, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесі және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі лауазымды тұлғаларының әрекетін бағалау үшін кешенді ұйымдастыру-техникалық сот-медициналық сараптама комиссиясы тағайындалған.

Мемлекетаралық авиация комитеті, Әзербайжан мен Қазақстан құзырлы органдарымен бірлескен тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандарымен бірлесе отырып, Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығында (SENIPA) ұшақтың өздігінен жазғыш құралындағы деректер зерттелу үстінде», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ Грозный, Махачкала және Минеральные воды диспетчерлері мен ұшақ командирі арасындағы әңгімелер талданып жатыр. Әуе кемесінің жүйелері мен заттай айғақтарды зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Тергеу комитеті оқиға себептеріне қатысты барлық ықтимал нұсқаларды қарастырып жатқанын атап өтті.

Еске салсақ, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында Баку-Грозный рейсін орындаған AZAL-ға тиесілі жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған еді. Бортта болған 67 адамның 39-ы қаза тауып, 28-і аман қалды.

Пікірлер