Ресейлік «База» БАҚ-ы Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтан алынған «жазбалардың» расталмаған «транскрипциясын» жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
«База» AZAL ұшағының диспетчерлермен әңгімелерінің толық мәтінін жариялады.
«Әзербайжан авиалиниялары» экипажы Грозныйға қону, Махачқалаға ұшпау, кейін Бакуге қайта оралу және соңында Ақтауға бағыт алу туралы шешімдерді өздері қабылдағанын көруге болады», - деп хабарлайды «База».
Хабарламада диспетчерлер алдымен Грозныйға, кейін Махачқалаға қонуды ұсынғаны, Ресейдің басқа әуежайлары туралы деректер бергені, бірақ экипаж сол жерлерге қонбау туралы шешім қабылдағаны айтылады. Сонымен қатар, БАҚ жазбалардан экипаждың диспетчерлермен әңгіме барысында құсқа соқтығысу және борттағы газ баллонының жарылуы туралы нұсқаларды айтқаны белгілі болды деп мәлімдейді.
«Базаның» деректері бойынша, жазбаларда ұшаққа сыртқы әсер болғаны байқалады, алайда пилот бортта төтенше жағдай жарияламаған.
Ресей тергеу комитеті Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты кешенді сот сараптамасын тағайындағанын хабарлады.
«Диспетчерлік қызметтердің, әуе қозғалысын ұйымдастыру жүйесінің және әуе қорғаныс күштерінің қызметіне баға беру үшін кешенді ұйымдастырушылық-техникалық сот сараптамасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандарымен бірлесіп, ұшақтың жазба құрылғыларынан алынған деректер талданып жатқанын хабарлады.
Комитеттің деректері бойынша, Грозный, Махачқала және Минералды Сулар диспетчерлерінің әуе кемесінің командирімен жүргізген келіссөздері талдануда. Ұшақтың барлық жүйелерінің жағдайы мен материалдық айғақтары зерттеліп жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау әуежайы маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бірақ 26 желтоқсанда Еуропаның орталық ақпарат құралдарының бірі – Euronews телеарнасы ұшақ апатына Ресей зымыраны себеп болғанын хабарлады. Әзербайжан БАҚ-тарының мәліметінше, бұл – Ресейдің «Панцирь-С» әуе қорғаныс жүйесі.
Осыған дейін Қазақстан сенаторы Андрей Лукин Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақты атып түсіру туралы нұсқаны жария түрде талқыламауға шақырған болатын. 27 желтоқсанда Ресей авиациясы апат алдында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылдарын қайтару бойынша «Ковер» жоспары аясында жұмыстар жүргізілгенін мойындады. Сол күні Azerbaijan Airlines Ақтау маңындағы апаттың себебі ретінде «физикалық және техникалық кедергілерді» атады.