Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның Ақтау қаласында құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағындағы қара жәшіктердің мазмұны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Оның айтуынша, жәшіктердегі деректер көп қызықты ақпарат бергенімен, БАҚ-та тараған апатқа қатысты мәліметтерді растамаған. Бұл туралы ол өткен жылғы ресейлік дипломатияның жұмыс қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Лавров медиа кеңістігінде қара жәшіктерден алынған ақпаратты негізсіз қолдану арқылы жағдайды ушықтырмауға шақырды. Министрдің айтуынша, тергеу аясында Бразилияда арнайы кездесу өткен.
«Біз қара жәшіктерді аштық, олардың мазмұны тергеуді толық аяқтауды күту қажеттігін тағы бір рет дәлелдейтін көптеген қызықты ақпарат берді», – деді Лавров.
Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас туралы айтқан Сергей Лавров олардың байланысы сенімді екенін атап өтті. Сондай-ақ, екі ел президенттері тұрақты түрде сөйлесіп, талқылауға жабық тақырыптардың жоқ екенін мәлімдеді.
«Ресей президенті [Владимир] Путин мен Әзербайжан президенті [Ильхам] Әлиев үкіметтерді өзара тиімді жаңа жобаларды іздеуге ынталандыру бағытында жақсы жолға қойылған», – деп қосты министр.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Бакуден Грозныйға бағыт алған Әзербайжанның Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшырады. Әуе кемесінің бортында 67 адам болған, оның ішінде бес экипаж мүшесі бар. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.
7 қаңтарда Бразилияда құлаған ұшақтың қара жәшіктерін шифрын шешу аяқталғаны белгілі болды. Қара жәшіктің екі жазғышынан алынған тиісті ақпарат Қазақстан билігіне жіберілгені хабарланды.
15 қаңтарда Қазақстан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағынан алынған қара жәшіктердің Бразилиядан жеткізілген деректерін зерттеуге кірісті.