Ұлттық музыка өнерінің бесігі – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрылғанына 90 жыл толды.
1935 жылы 14 қаңтарда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Қазақ мемлекеттік филармониясының құрылуына әбден қисынды түрде әкеліп соқтырған ұлттық өнер ұжымдарының, ағартушылық және концерттік іс-шаралардың құрылуы жан-жақты қолдау тапты. Ал 1938 жылы оған Жамбыл Жабаевтың есімі берілді.
Филармонияның алғашқы директоры және көркемдік жетекшісі – көрнекті музыкатанушы, композитор, дирижер, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ тілі бойынша тамаша монографиялардың авторы Ахмет Жұбанов болды.
Филармония құрамына сол кезде Қазақ ОАК атындағы ұлттық оркестр (1939 жылы Мемлекеттік хор капелласы болып қайта құрылған) деп аталатын домбыра оркестрі, ұлттық хор, би ансамблі және әншілер мен халық аспаптар оркестрінің үлкен тобы, Б.Лебедев құрған ішекті аспаптар квартеті мен Жетісу қазақ-орыстарының ән-би ансамблі кірді.
1939 жылы филармония жанынан М. М. Иванов-Соколовский және Л. М. Шаргородскийдің жетекшілігімен симфониялық оркестр құрылды. 1944 жылы қазақ ұлт-аспаптар оркестріне Құрманғазы есімі берілді. Қазақ филармониясы отандық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын, қазақ композиторларының туындыларын, халық музыкалық фольклорын, кеңестік композиторлар шығармаларын кәсіби жоғары-деңгейде насихаттап келеді. Филармония көктемгі музыкалық «Жігер» фестивалін, «Балалардың музыка апталығын», әңгіме-концерттердің абонементтік топтамасын, ұлттық және симфониялық музкалық концерттерін өткізді. 70 — 80-жылдары Ж.Әубәкірова, А.Мұсақожаева, Г. Мырзабекова, Г. Молдакәрімова сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары сахнаға шықты. Қазақ филармониясының құрамында хор капелласы (жетек. ҚР еңбек сіңірген қайраткер Б.Демеуов), «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық академиялық оркестр (жетекші ҚР еңбек сіңірген артист К.Ахметов), республикалық камералық «Солистер академиясы» оркестрі (жетекші ҚР еңбек сіңгірген артист А.Мұсақожаева), Мемлекеттік ішекті квартет, Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр (жетекші ҚР халық артист Т.Әбдірашев) және әншілер тобы кірген.
Бүгінгі күні Филармонияның бас директоры- Абдуалиев Ақан Жылқышыбайұлы.