АҚШ президенті Джо Байден өз қызметін аяқтауға жақын қалғанда, Ақ үйдегі жұмысының негізгі сыртқы саяси нәтижелерінің бірі ретінде Украинаға Ресейге қарсы күресте табысты қолдау көрсеткенін атап өтті. Бұл туралы ВВС жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Путин Украинаға басып кіргенде, ол Киевті бірнеше күннің ішінде басып аламын деп ойлаған. Бірақ шын мәнінде соғыс басталғанда мен Киевтің орталығында болдым, ал Путин болмады. Путин ешқашан ол жерде болған емес. Осыны ойлап көріңіздерші!» — деді Байден АҚШ Мемлекеттік департаментінде өткен сөзінде.
Сонымен қатар, ол әскери қимылдар жүріп жатқан, америкалық күштер бақыламайтын аймаққа барған жалғыз Жоғарғы Бас қолбасшы екенін айта кетті.
«Біз Украинаға Путинді тоқтатуға көмектестік. Қазір, үш жыл өткен соң, Путин өзінің стратегиялық мақсаттарының біріне де жеткен жоқ. Ол Украинаны бағындыра алмады. НАТО бірлігін бұза алмады. Үлкен территориялық жеңістерге қол жеткізе алмады», — деді Байден.
Байден жұмыс әлі де аяқталмағанын және оны тастап кетпеу керегін айтты.
Айта кетсек, 20 қаңтарда АҚШ-тың жаңа президенті болып республикашыл Дональд Трамп сайлануы тиіс. Ол бейбітшілікті тез арада орнатуды жақтап, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеген.
Киль әлемдік экономика институтының мәліметі бойынша, Ресейдің Украинаға жасаған толыққанды басып кіруінен 2024 жылдың қазан айының соңына дейін АҚШ-тың Киевке көрсеткен көмегі 88 миллиард доллардан астам болған (Еуропа тарапынан Украинаға 125 миллиард еуроға жуық көмек көрсетілген немесе ұсынылуы тиіс).
Көптеген республикашылдар Байденнің Украинаға орасан көп көлемде американдық көмек жіберу шешімін сынға алып, оны жауапсыз әрекет деп санайды. Олардың пікірінше, бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін, бұл үшінші дүниежүзілік соғысқа әкеліп соғуы ықтимал.
Ал кейбір украин және батыс сарапшылары Байденнің тым сақтық танытқанын, Ресеймен тікелей қақтығысқа түсу қорқынышынан Украинаға қажетті әскери көмекті уақытылы жібермегенін айтады.
Бұл тәсілді қолдаушылардың пікірінше, әрбір жаңа қару-жарақ түрін, мысалы, HIMARS реактивті жүйелерін, танктер мен F-16 жойғыштарын Украинаға беру туралы шешімдер Ақ үйде ұзақ уақыт талқыланған.