Қазақтың жері - Қытайдың көз құрты 

4448
Adyrna.kz Telegram

Қазір елімізде Қазақстанға Қытайдан енетін 55 зауыт мәселесі қызу талқыға түсіп жатқан кез. Қарапайым халық Қазақстан мен Қытай елінің біріккен осы жобасына қатысты бірқатар күмәнді пікірлер айтқанымен, біздің атқарушы билік аталмыш жобаға шаң жуытпай отыр.  

Жалпы, Қытай тарапы әлемдік қауымдастықты нығайтады деп, «Бір белдеу - бір жол» атты Жібек жолын дамыту идеясын ұсынғалы бері Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынас тереңге бойлап барады. Қазірде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары өндіріп жатыр. Қытаймен бірге жұмыс істеген жылдар аралығында Қазақстан арқылы Қытайға 100 млн тоннадан астам мұнай, 180 млн шаршы метр газ жіберілген. Енді болашақта Қазақстан мен Қытай қаржылық құны 28 млрд долларды құрайтын тағы 55 кәсіпорынды яғни зауытты бірлесіп құрғалы отыр. 

Негізінен Қытай инвестициясы бұған дейін  мұнай газ саласына, метал өндіруге, логистика саласына, энергетика саласына құйылып келді. Ал 2016 жылдан бері Қытай компаниялары еліміздің ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция құя бастады. Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында мал бордақылау, мал өсіру, агро-өнім алуға қатысты Қытаймен бірлесіп 19 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 1 млрд 735 мың долларды құрайды. 

Әйтсе де, экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтың айтуынша, Қытай қаржы береді деп есікті айқара ашып қоюдың өзіндік қауіпті тұстары да бар. Сондықтан болашақта елдегі Қытаймен бірлескен компанияларға мемлекеттік бақылауды күшейткен абзал. 

«Қытайдың халқы жердің жоқтығынан үйлерінің төбесіне егін егіп содан өнім алып отырған халық. Қазақтың кең байтақ жері Қытайдың көзінің құрты. Сондықтан елімізге енген Қытай кәсіпкерлері Қазақстанның алып жерін игеру үшін күшін салады. Міне осыдан қорқу керек. Қазақтың жерінің байлығының арқасында талайлар көк қағазды айналымға салып, байлыққа кенеліп жатыр ғой.  Сондықтан Қытай компаниялармен бірлескенде бақылау пакетінің басым бөлігі Қазақстан тарапында болуы керек»,- дейді Жаңабаай Алдабергенов. 

Маманның пайымынша, болашақты біздің  Үкімет осыған қатты назар аударуы тиіс. Мәселен, мұнай өндіруге қатысты компания құрылса оның 80 пайыз бақылау пакеті Қазақстандікі ал ққалған 20 пайызы Қытайдікі болса де жеткілікті. Осылайша бақылау пакетінің басым бөлігін өзімізге алу арқылы таразы басын ұстап тұруға болады. 

«Әттеген-айы, қайсыбір компанияларда Қытайдан келген мамандар біздің отандық мамандардан жоғары жалақы алады. Тура сондай жұмыс істейтін қазақстандық маман 200 мың алса, тура сондай жұмыс атқаратын Қытайдан келген менеджер 400 мың алатын жағдайлар жиі кездеседі. Міне, мұның барлығына мемлекеттік бақылау болуы керек. Олай етпесек күні ертең Қытай инвестициясы бізге үлкен қауіп төндіру де мүмкін»,-дейді экономист-ғалым. 

Жалпы, Қытай инвестициясы негізінен мұнай-газ, тау-кен, энергетика саласын игеруге салынып келеді. Қазір Қазақстанда: 

  • «Қаражанбас»-CITIC мұнай компаниясы;
  • Каспий аумағындағы мұнай компаниясы
  • Ирколь мен Казатомпром
  • Мойнақ ТЭЦ пен Атасу – Алашанькоу
  • Казтрансойл мен СNODC
  • Газпровод және Бейнеу-
  • CNPC-Ақтөбемұнайгаз
  • Казтрансгаз және Trans-Asia тәрізді ірі компаниялар Қытаймен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. 

Бұған қатысты экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов: 

«Әр елдің экономикасы дамуы үшін ұлттық экономикасы күш алып отыруы керек. Ол үшін әрине біздегі әр салада отандық сауатты мамандар жасақталуы тиіс. Біздегі банк саласы болсын, агро сала, мұнай-газ, барлық салалар сауатты менеджерлерден құралуы керек. Сол тәрізді сырттан инвесторларды тарту кезінде де өте сауатты болу керек. Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Соған орай бізде олардан нақты-нақты талап ете білгеніміз жөн. Қазақ жерінің арқасында өздері де пайдаға батып отырғаннан кейін  олар да біздің талаптарымызды орындауға олар міндетті. Сондықтан Қытаймен бірлескен зауыттар жұмысын бастарда ұлттың мүддесін, ұлттың тағдырын басты назарда ұстаған жөн. /Алпауыт елдің алдында жұтылып кетпеуді ойлаудың маңызды екенін ұмытпаған абзал»,-деді Жаңабай Алдабергенов. 

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер