Қазақстанда жаңа ипотекалық бағдарламалар пайда болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын", – деді Премьер-министр.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов Қазақстанға мыңдаған білікті жұмысшылар қажет екенін атап өтті.
"Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін барлық әкімдіктерге өңірлік кәсіптер атласын әзірлеу қажет. Әзірге мұндай құжат тек 9 өңірде ғана бар. Жастардың жұмысшы мамандықтарды саналы түрде таңдауына жағдай жасау үшін кәсіби бағдар беру жұмысында жаңа тәсілдерді жүзеге асыру қажет", – деп атап өтті Премьер-министр.