Талдықорғанда газ жарылысынан бір адам қаза тапты

597
Adyrna.kz Telegram
Фото: tengrinews.kz
Фото: tengrinews.kz

31- ші желтоқсан күні Талдықорғанда 3- бөлімшеде табиғи газ жарылысынан екі қабатты үйдің өртенді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

ТЖД мәліметінше, өрттің аумағы 120 шаршы метрді қамтыған.

“2024 жылғы 31 желтоқсанда сағат 07:18–де Талдықорғанда 3-ші бөлімшеде, мешіт маңында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт болды. Өрт газ-ауа қоспасының жарылуынан шығып, үйдің екінші қабаты, қабырғаларының бір бөлігі және шатыры құлады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін үйден 7 адам, оның ішінде 3 бала эвакуацияланған. Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері, Төтенше жағдайлар медицинасы орталығының дәрігерлері және құтқарушылар жетті. Өрт толықтай сағат 07:46–да сөндірілді”, — деді Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Өрттен үй иесі қайтыс болды.

“Талдықорған қаласындағы ауруханаларға табиғи газдың жарылуынан зардап шеккен 7 адам түсті. Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға 2 адам, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханаға 3 адам, облыстық балалар ауруханасына 2 адам түсті. Бүгінгі күні 4 адамның жағдайы тұрақталып, травматология бөліміне ауыстырылды. 2 пациент жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Алған жарақаттары салдарынан 1973 жылы туған азамат қайтыс болды”, — деді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Талдықорған қаласының баспасөз қызметі де апатқа қатысты арнайы комиссия құрылғандығын хабарлады.

Қазіргі уақытта жарылыстың себебін анықтау мақсатында тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

Пікірлер