Ақтаудағы ұшақ апатына Ресейдің қатысы болуы мүмкін - БАҚ

466
Adyrna.kz Telegram
Фото: Видеодан скрин
Фото: Видеодан скрин

Баку-Грозный бағытындағы AZAL әуе компаниясының ұшағы Грозный қаласына жақындағанда Ресейдің «Панцирь-С» әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаны анықталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы Caliber.Az редакциясы мәлімдеді.

Редакция мәліметінше, алдын ала тергеу нәтижелері бойынша ресейлік тараптың радиоэлектрондық күрес (РЭБ) жүйелерін қолдануы салдарынан әзербайжандық ұшақтың байланыс жүйесі толық істен шыққан. Осы себепті ұшақ Ресей әуе кеңістігінде радарлардан жоғалып, тек Каспий теңізінің үстінде ғана қайта табылды.

Ресей дереккөздеріне сәйкес, Шешенстан аумағында рейс кезінде Ресейдің әуе қорғаныс күштері украиндық дрондарды атып түсіруге тырысқан. Шешен Республикасы қауіпсіздік кеңесінің басшысы Хамзат Қадыров 25 желтоқсан таңында Грозныйға дрондар шабуыл жасағанын растады, бірақ зардап шеккендер мен қирандылар болмағанын айтты. Мұндай жағдайда Ресей тарапы азаматтық ұшақтар үшін әуе кеңістігін жабуы тиіс еді. Алайда бұл шара қабылданбады. Шешенстан үстінде ұшу аймағының жабылмауы үлкен сұрақ тудырады.

Грозный қаласының әуежайы ұшаққа қонуға рұқсат бермегені анық. Сонымен қатар, бортқа Махачкала мен Минералды Сулар әуежайларында да қонуға рұқсат етілмеген. Әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына және РЭБ әсеріне ұшыраған экипаж Қазақстанның Ақтау қаласына бағытталған. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныстың мақсаты ұшақты Каспий теңізіне құлату болған. БАҚ-та жарияланғандай, сол арқылы куәгерлердің бәрі қаза тауып, ұшақ суға батып кетуі мүмкін еді.

Ресейлік БАҚ-та таратылып жатқан балама нұсқалар қоғамдық пікірді шатастыру үшін жасалған ақпараттық шабуыл ретінде бағалануда. Ұшақ салонындағы видеолардан екі жолаушының жарқыншақтан жараланғаны анықталды. Жолаушылардың жарылыс дыбыстарын естігені туралы куәгерлік мәліметтері әуе қорғаныс күштерінің жұмысын растайды.

Әзербайжан тарапы үшін жағдай айқын. Бұл әрекет қасақана жасалмаған болуы мүмкін. Алайда анықталған фактілерді ескере отырып, Баку Ресей тарапынан әзербайжандық ұшақты атып түсіргенін мойындауын, ел халқынан ресми түрде кешірім сұрауын және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін толыққанды тергеу жүргізуді күтеді.

Пікірлер