Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Санкт-Петербургке аттанған кезде, әуе апаты болғаны туралы хабар беріліп, мемлекет басшысы кері қайтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Гейдар Әлиев атындағы халықаралық әуежайға ұшып келгеннен кейін, Ильхам Әлиев осы оқиғаға байланысты кеңес өткізді.
Кеңес барысында Әзербайжан президенті апаттан қаза болғандарға көңіл айтып, бұл трагедияның Әзербайжан халқын үлкен қасіретке душар еткенін атап өтті.
"Бүгін таңертең мен Бакудан Санкт-Петербургке ТМД саммитіне қатысу үшін ұшқанымда, маған осы апат туралы хабар берілді. Мен дереу тапсырма беріп, ұшақ Бакуға қайтып оралды. Әлі ұшақта болғанымда, мен тиісті нұсқаулар беріп, премьер-министрмен сөйлестім, оның басшылығымен комиссия құрылды. Сонымен қатар, апат болған Актау қаласына Әзербайжан делегациясы жіберілді. Тиісті тапсырма берілді" - деді ол.
Оның айтуынша, апаттың нақты себебін айтуға әлі ерте.
"Комиссияның міндеті – апаттың себебі мен барлық мәліметтерін толық зерттеп, мені және Әзербайжан жұртшылығын ақпараттандыру. Апат сәттері бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланды. Әркім бұл сәттерді көре алады. Бірақ апаттың нақты себептері бізге белгісіз. Әр түрлі болжамдар бар. Менің ойымша, әлі осы мәселе туралы айту ерте. Бұл мәселе толық тергелуі керек. Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады, және Әзербайжан жұртшылығы комиссия жұмысының нәтижелері мен қылмыстық істің барысы туралы үнемі хабардар болып отырады" - деді ол.