Кәсіпкер Қанат Әміркин Нығматулиндердің рейдерлік шабуылына ұшырағанын айтты

320
Adyrna.kz Telegram

Кәсіпкер Қанат Әміркин жол құрылыс компаниясының рейдерлікке ұшырағанын айтып берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап. 

«Көпшілігіңіз Нығматулиндер отбасын білесіздер. Міне, сол отбасының үлкен ұлы менің ірі миллиондаған келісімшарты бар жол-құрылыс компаниямды тартып алды. Ол мені Qazaq Banki банкінен несие алуға мәжбүрледі. Кейін бұл банк банкротқа ұшырап, өзімен бірге менің ақшамды және кепілге қойылған мүлікті алып кетті. Соның ішінде автосалон салуға арналған жер учаскесі де бар. Сонымен қатар, олар мені банк кепілдігі бойынша да айла-шарғыға салды», – деп жазды Қанат Әміркін өзінің Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, ол несие рәсімдегенімен, бұл оқиға мұнымен аяқталмаған. Одан қолма-қол ақша талап еткен. Кәсіпкер отбасына қауіп төнгендіктен Қазақстаннан кетуге мәжбүр болғанын айтты.

«Олар өздері қашқынға айналғанда, Дубайға менімен кездесуге келіп, "дау-дамайды доғарайық" деп өтінді. Кездесу барысында мен оған тек көлік түрінде ғана 7-8 миллион доллар көлемінде қаражат алғанын есіне салдым. Бұған ол, жартысы ғана өзіне жеткенін, қалғанын көмекшілері алғанын айтты. Менің елден мәжбүрлі түрде кеткенімнен кейін, компания мүлкіне байланысты жиналған салық қарызын салық органы менің мойныма ілмек болғанда, мен оған қоңырау шалдым. Мұның шектен шыққан әрекет екенін айтып, салықты өздерінің жабуын ұсындым. Өйткені бәрін тартып алды. "Маған бәрібір, мен енді Қазақстанның азаматы емеспін. Мәселеңді өзің шеш" деп қысқа ғана жауап берді. Осындай деңгейдегі цинизм мен жауапсыздық... Мұндай адамдар билікте қалай болған?» – деп әңгімеледі кәсіпкер.

Кейін Әміркин Қазақстанға оралған. Ал 25 желтоқсанда сот оны 239 миллион теңге салықты және 7 миллион теңге баж салығын төлеуге міндеттеді.

 

Пікірлер