Алматыда 20 жастағы кикбоксшы Әли Серікті өлтіріп кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«20 жастағы ер адамның өлімі бойынша Наурызбай ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады», – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полицияның мәліметінше, таныстар арасында жанжал шығып, соның салдарынан біреуі пышақ қолданған. Қылмыс құралы тәркіленді.
«За нами уже выехали» телеграм арнасы қайтыс болған адамның кикбоксшы Әли Серік екенін хабарлады.
Әли Серік – кәсіби кикбоксшы, Сингапурдың әйгілі ONE Championship ұйымында өнер көрсеткен спортшы.
2022 жылы, небәрі 17 жасында, ол Малайзияда өткен әлем чемпионатында ересектер арасында муай-тайдан (А класы) ең жас әлем чемпионы атанған.
2024 жылы қазақстандық спортшы Ресейде Абдулманап Нурмагомедов атындағы жекпе-жек мектебінде дайындықтан өткен.