Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың ажырасуы және оның активтерінің бұғатталуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін, 23 желтоқсанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұған дейін түркиялық Haberturk басылымы Ресей билігінің Асадқа Мәскеуден кетуге және саяси қызметпен айналысуға тыйым салғанын, ал оның әйелі Асма Асадтың Лондонға көшу үшін ажырасуға өтініш бергенін жазған еді.
«Экс-президенттің зайыбына Мәскеудегі өмір ұнамаған. Осыған байланысты ол Лондонға қоныс аударуды жоспарлап отыр. Асма Асад некесін бұзу үшін ресейлік сот органдарына жүгінген. Десе де, оның арызы әлі қарастырылмаған»,—деді шетелдік БАҚ.
Алайда Дмитрий Песков РБК журналистеріне берген сұқбатында бұл ақпараттарды жоққа шығарды.
«Бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды»,—деп жауап берді ол.
Еске салайық, 8 желтоқсанға қараған түні Сириядағы он күнге созылған қақтығыстардан кейін, көтерілісшілер үкіметке қарсы әрекеттерін жалғастырып, ел астанасы Дамаскті бақылауына алған болатын. Бұл шайқастар елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында басталды. Президент Башар Асад жағдайдың ушығуына байланысты шұғыл түрде астананы тастап кетуге мәжбүр болды. Кейінірек Асадтың отбасы мүшелерімен бірге Ресей астанасына келіп-жеткені, оған гуманитарлық себептермен саяси баспана берілгені анықталды.