Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana әуекомпаниясының жұмысын сынға алып, бас атқарушы директор Питер Фостерге шүйлікті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Air Astana аспанның «құдайы» болып алған. Барлық билеттің бағасы жақындағанда көтеріледі. Арақашықтық деген бос әңгіме. Ол жақындағанда, керісінше, түсуі керек. Себебі билетті тез өткізу қажет. Ал компания керісінше жұмыс істейді. Air Astana мәселесін май шаммен қарау керек. Фостер мырза, шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. Біз депутат Самат Мұсабаев екеуміз бір сағат кешіккенге айыппұл салатын норма енгіздік. Енді қызықты қараңыздар, мен ұшар алдында 2 тамыз күні ұшақ 12 сағатқа кешікті. Әлі күнге дейін ақшасын ала алмай жүрмін. Неге? Олар құйтырқы схема жасап қойған»,—деді Жаңбыршин.
Депутат тіл мәселесін де көтерді.
«Бүкіл мультимедиа басқа тілде. Мемлекеттік тілде контент өте аз. Оны бірнеше рет айттық. Ол да үлкен мәселе. Өзіміздің компания дейміз. Бірақ неге ол мемлекеттік тілге басымдық бермейді?»– деп сауал тастады ол.
Әуе компаниясын сынап сөйлеген кезінде Фостердің күлуі депутаттың шамына тиді.
«Күлетін ештеңе емес, күлмеңіз. Сіз осы жерде отырып алып. бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Бұл — Парламент, осында халықтың өкілдері отыр»,—деді Жаңбыршин.