Аймағамбетов шыршаны безендіру кезінде жарақат алған мұғалім туралы пікір білдірді

286
Adyrna.kz Telegram
Фото: primeminister.kz
Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Семейде шыршаны безендіру кезінде жарақат алған мұғалім туралы пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқыс оқиға 22 желтоқсанда болған еді.

«Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатты. Мұндай жағдайды жай ғана «жаңсақтық» деп қарастыруға болмайды. «Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабында нақты көрсетілген: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынады. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі «дәстүрлерден» біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу»,— деді ол.

Айтуынша, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.

«Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс. Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жарақат алған әріптесімізге тезірек сауығып кетуін тілеймін»,— Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, бұған дейін Семейде шырша безендіруге барған мұғалімдердің бірі ауыр жарақат алғанын жазған едік.

Пікірлер