Ғалым Алдан Сапарғалиевтің әлемдік ғылымдағы теңдессіз жаңалығы

312
Adyrna.kz Telegram

Қаузамақ тақырыбымыздың кейіпкері – ғалым Алдан аға Сапарғалиевты бұрыннан білетін ем. Алғаш жүздесуім 1996 жылы Алматыда. Ғылыми лабораторияда. Ағайындарының сәлемдемесін жеткізгенмін-ді. Бес-он минут тілдестік. Одан кейінгі көруім 2011 жылы Ақтөбеге келген бір сапарында.

Бірді-екілі еңбегімен таныс едім. Соңғы жылдары газет беттерінде, сайттарда ғалым ағаның ғылыми жаңалықтары жөнінде мақалалар жариялана бастады. Назарымызды аударды. Ұлт игілігі үшін, күллі адамзат үшін пайдасы орасан ол ашқан жаңалықты біз де әңгімелейік, халыққа жеткізейік дедік. Бәлкім, бұл ісіміздің шаңның тозаңындай болса да онның біріне пайдасы тиер деген үмітпен. Ғалымның еңбектерін, өзге физиктердің де кітаптарын шолдық. Баян қылмақ ойымызға шама-шарқымызша осылайша дайындық жүргіздік...

Бұрынырақта, қырық жасымда, физикаға қатты қызығушылығым туған-ды. Бұған себеп – ұстазым, теңдессіз биік тенор Ғарифолла ата Құрманғалиевтың дауысының сыры-тұғын. Соған байланысты «Ғарифолланың таңдайы» атты мақала түзіп ек. Осыны жазарда  біршама еңбектерді ақтардық. Сонда ғалым Е. Жәнібековтың «Әл-Фарабидің физикалық көзқарасы» деген еңбегі (Алматы, «Рауан», 1993) көңілге айрықша ой түсірген-тін. Сонан физика оқулығының «Тербелістер және толқындар» аталатын бөліміндегі тақырыптарды оқыдық. Резонанс, дыбыс толқындары, олардың шағылып, жаңғырық шығаруы турасындағы, басқа да жайттар жөніндегі мәліметтерді мектептен кейін, бәлен жылдан соң жадымызда қайта жаңғырттық...

Ғарифолла Құрманғалиевтың үнінің биік һәм әдемі болуының құпиясын ашу үшін физик болу керек деп іштей ойға келдік. Бірақ бұл қиял күйінде қалды. Пәтерде жүрдік. Балалар жас. Айлық шайлыққа әзер жететін кез. Адымымызды ұзатпады. Өстіп күнкөрістің күйбең тірлігіне амалсыздан байландық. Бұл жағдай тек біздің емес, талабы биік талайдың жолын бөгеді. Уақытын ұрлады...

Мұның бәрі – өтті, кетті. Шағынғанмен орнына келмесі анық. Енді айтпағымызға көшейік.

Илон Маск 2019 жылы көп векторлы (көп бағыттағы) магнит өрісіне негізделген электродвигательдің лабораториялық моделін жасап шығарды Оңай болмаса керек, жаңа үлгіге 4 миллионнан астам доллар жұмсалыпты. Американдықтар мұны  дүниежүзілік сенсация деп жариялады. Оның бұл жаңалығы өте жоғары бағаланғандығы соншалық, кейбір ғалымдар Илон Маскті электродвигателдің тұңғыш үлгісін жасаған атақты Фарадеймен теңестірді. Себебі қазіргі қолданыстағы двигательдерден көлемі 4 еседей кіші, 25 кг. Осы күнгі 100 кг двигательдің қуатын бере алады. Бұл жеңіл двигательдер бүгінгі таңда   ұшақтар үшін өте тиімді боп тұр. Электромобилдер үшін де бағасы айрықша. Сирек кездесетін қымбат металдарды қажетсінбейді дейді. Өзіндік құны арзан екен.

Мұндай көп векторлы двигательдің ең алғашқы лабораториялық моделін Илон Масктен екі жыл бұрын, 2017 жылы, қазақ ғалымы физика-математика ғылымдарының  докторы, профессор Алдан Сапарғалиев НАТР тарапынан бөлінген болар-болмас қаражатқа жасап шығарған-тын   (Мемлекеттік тіркеу нөмірі 0115РК01001, инв. нөмері 0217РК00764).

Ал И. Масктікі А. Сапарғалиев ашқан жаңалықты қайталау ғана. Байлығының арқасында. Бірақ ол қаржысын босқа шашып жатқан жоқ. Орнымен. Өз елі Америка үшін.

Осы күні әр қазақ өз руынан би, батыр, шешен, сері, бақсы іздеп сандалып жүр. Тапса тапты, таппаса ойдан шығарады. Сонан соң оған кесене соғады не ескерткіш тұрғызады. Көшеге есімін беруге күш салады. Жүздеген киіз үй тігіп, ас береді. Сонымен ас ішіп, аяқ босатады. Бес күннен кейін бәрі ұмыт болады. Осындай мәнсіз, берекесіз істің соңында салпақтап күнін текке өткізіп жүрген қазақ қана.

Шеті жоқ, шегі жоқ тойға, ас беруге, т.б. есепсіз һәм мәнсіз шашылған қаржыны керісінше, дарынды жастың білім алуын, шығармашылық ізденісін, ғылымда ашқан жаңалығының іске асуын жәй қазағың да, бай қазағың да жұмыла қолдап, игі іске жұмсаса ауызбірліктің, ұлттық санаға көтерілудің өнегелі үлгісі болар еді. Бірақ Илон Масктей болу қайда? Жалпы жәй қазақтың да, бай қазақтың да санасы түзелмей, қоғам түзелмесі анық.

Жә, жақсы. Сөздің ретіне қарай айтып жатқанымыз.

Физик Алдан Сапарғалиевтың ашқан жаңалығы – осы күнгі бір векторлы магнит өрісіне негізделген двигательдерді ұзаққа бармай қолданыстан ығыстырып шығарып тастайтыны ап-анық боп отыр. Бұл – әлемдік ғылымдағы теңдессіз жетістік! Мұның бәсін түсіну үшін әуелі ағылшын физигі Майкл Фарадейдің өмірбаянына, ғылымдағы еңбектеріне аз-маз тоқталып өткенді жөн көрдік.

М. Фарадей  және  оның электромагниттік индукция құбылысын ашуы

Майкл Фарадей 1791 жылы 22 қыркүйекте Англияның  Ньюингтон-Баттс аталатын қаласында, кедей от басында, дүниеге келген. Балалық шағы жоқшылықта өтеді. Осы себептен Майкл он үш жасында амалсыздан мектептегі оқуын тастайды. Эмигрант француз Рибо Теодюльдің шағын дүкеніне кітап түптеуші боп орналасады. Майкл жұмысты бар ынтасымен істейді. Кітап оқуға деген ықылыласы осы жерде басталады. Оны әсіресе, химия мен физикаға қатысты еңбектер қатты қызықтырады. Майкл кітаптарда баяндалған нәрселердің шындығына көз жеткізуге талаптанады. Соңыратын Майклдің өмір жолының ғылымға түбегейлі бағытталуына осы жағдай басты себеп болады.

Фарадей 1810 жылы 19 жасында философия үйірмесіне қатысып, астрономия мен физикаға қатысты лекцияларды тыңдайды. Талқыланған түрлі тақырыптар төңірегінде өз пікірін білдірген зерделі Майкл ғылыми орта өкілдерінің назарын өзіне аудара бастайды.

Гемфри Дэвидің физика, химия салалары бойынша оқитын лекциясына да қатысады. Фарадейдің ғылымға деген ықыласын таныған ғалым оны өз лабораториясына қызметке орналастырады.

1813 жылы Хемфри Дэви Еуропаға сапарлайды, сонда ол Майкл Фарадейді де ертіп кетеді. Жас жігіт Жозеф Луи Гей-Люссак, Андре-Мари Ампер, Алессандро Вольта есімді атақты ғалымдармен бетпе-бет жүздеседі. 1815 жылы Лондонға оралғасын профессор Майклды өзіне көмекші қып жұмысқа алады.

Фарадей ғылымдағы алғашқы кітабын 1816 жылы шығарған. Химия саласы бойынша жариялаған еңбегі 1819 жылы қырықтың үстінде болады.

1820 жылы Майкл Корольдік институтта техникалық жетекші лауазымын алады. Бір жылдан кейін ғалым химияны уақытша ысырып қойып, уақытын физиканы меңгеруге арнайды. Сондағы мәселелерге назар салады.

Дат ғалымы Ханс Эрстед жылу беруге, жарық, дыбыс шығаруға мүмкіндігі бар электр энергиясы магниттік күшті де тудыруы керек қой деген ойға келеді. Бұған 1820 жылы тәжірибе үстінде толық көз жеткізіп, физика ғылымына «электромагнит» терминін енгізеді. Ашыңқырап айтқанда, тогы бар өткізгіштердің магнит өрісін туғызатынын пайымдайды. Мұны өзінің «Опыты, относящиеся к действию электрического конфликта на магнитную стрелку» делінетін еңбегінде баяндаған (Қараңыз: Голин Г. М., Филонович С. Р. Классики физической науки (с древнейших времен до начала XX в.): Справ. пособие. – М.: Высш. шк., 1989. Стр. 308-311).

Ханс Эрстед 1777 жылы туып, 1851 жылы бақи болған. Копенгаген университетінде оқып, 1797 жылы «фармацевт» мамандығын алып шығады. 1799 жылы философия ғылымдарының докторы дәрежесін қорғайды. 1806 жылы оған осы оқу орынында «профессор» ғылыми атағы беріледі.

1815 жылдан ғұмырының соңына шейін Дат корольдік қоғамының хатшысы һәм 1829 жылдан бастап Копенгагендегі политехника мектебінің директоры қызметін атқарады. Эрстед химия мен физика саласы бойынша түрлі зерттеулер жүргізеді.

Фарадей осы Эрстедтің жаңағы тұжырымдалған дәлеліне кері «өз кезегінде магнит өрісі де электр тогын тудыра ала ма?» деген сұраққа жауап іздей бастайды. Осыны нақтылау үшін Майкл түрлі тәжірибелер жасайды, ізденісінің ақыр соңында, 1831 жылы «электромагниттік индукция» аталатын құбылысты анықтайды (Қараңыз: Фарадей М. Экспериментальные исследования по электричеству. Том II. (Перевод с английского А.В. Яковлевой. Коментарии и редакция член-корреспондента Академии наук СССР проф. Т.П. Кравца): – Ленинград, Издательство Академии наук СССР. 1951. Стр. 183-392).

Фарадейдің жасаған тәжірбиесіне де аз-кем бөгелейік. Оқырманға ұғынықты болуы үшін бұған мектеп оқулықтарында (Физика. 10-сыныпқа арналған оқулық. Алматы, 2019 жыл, 163-бет) жеңіл тілмен баяндалған сөйлемдерді ұсынайық, бүй делінген онда: «Фарадейдің жасаған негізгі  тәжірибелерінің біреуі соншалықты қарапайым... Ол үшін тұрақты магнит, сезгіш гальванометр, ұштары гальванометрге жалғанатын іші қуыс цилиндр тәрізді катушка (орауыш.-Б.К.) немесе жай ғана тұйық контур керек. Егер магнитті контурдың ішіне енгізетін болсақ, не одан суыратын болсақ, онда гальванометр тілшесінің ауытқитынын, яғни, контурда токтың пайда болуын байқай аласыздар. Ал егер контурға қатысты магнит қозғалмаса, онда токтың ешқандай белгісін  көре алмайсыздар.

Контурда пайда болатын токты индукциялық ток деп атайды. Фарадейдің пайымдауынша, индукциялық ток магниттің контурға қатысты қозғалысы кезінде ғана пайда болады. Ал егер магнит пен контурдың өзара орналасуы өзгермесе, онда тізбекте индукциялық ток пайда болмайды» (Қараңыз, 2-суретте: Фарадейдің гальванометрмен жасаған тәжірибесі. Obrazovka.ru сайтынан алынды).

Осы тәжірибеден соң мынадай ғылыми тоқтамға келген:

а) индукциялық ток магниттің тұйық контурға немесе іші қуыс цилиндр тәрізді орауышқа қатысты қозғалысы сәтінде ғана пайда болады (индукция – латын тілінде «бағыттау» деген мағынада.-Б.К.);

ә) индукциялық токтың мөлшері магнит ағынының өзгеру жылдамдығымен анықталады.

М. Фарадей осылайша магнит өрісінен электр өрісін де тудыруға болатынын яғни, электромагниттік индукция құбылысын жан-жақты зерттеп, дәлелдеп шығады.

Ағылшын физигі М. Фарадейдің әлемдік ғылымда ашқан жаңалығы – бір векторлы (бір бағыттағы) магнит өрісіне негізделген теория-тын. Бұл мектеп қабырғасында осы кезге шейін оқытылып келеді.

Фарадей тұжырымдап дәлелдеген, 200 жылдан бері тұрмыстың, өндірістің барлық салаларында пайдаланылып келе жатқан бір бағыттағы магнит өрісін түбегейлі өзгертіп, көп бағыттылыққа бұру теориясын жасап, нақтылап шыққан қазақ ғалымы Алдан Сапарғалиевтың әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтарын баяндауға көшейік енді.

А. Сапарғалиев ашқан жаңалықтардың әлемдік ғылымдағы артықшылықтары  

Қазақ ғалымы А. Сапарғалиев ойлап тапқан жаңа двигательдің басты ерекшелігі – жоғарыда айтқанымыздай, оның көп векторлы (көп бағыттағы) магнит өрісінде болуы. Бұл жағдаят осы уақытқа дейін белгісіз боп келген-тұғын Жаңа двигательдегі басты жаңалық – көп векторлы магнит өрісінде. Бір векторлы магнит өрісін осыдан 200 жыл бұрын М.Фарадей ашқаны мектеп оқулығынан белгілі. Осы уақытқа дейін, яғни Сапарғалиевқа дейін көп векторлы магнит өрісі белгісіз боп келді.

Бұл – ғылымдағы теңдессіз жаңалық!

Ғалымның бұл жаңалығы төмендегідей қазақстандық және әлемдік патенттермен бекітілген: Сапаргалиев A. A., KZ 32377; WO 2015137790 A3, 12.11.2015, Sapargaliyev A.A.;  3. WO 2016153328 A3, 15.12.2016, Sapargaliyev A.A.   4. WO 2016195465 A1, 8.12.2016, Sapargaliyev A.A.

Және де Америкада бір емес екі жерде  сынақтан өтіп, бұл патенттердің ақиқаттығы іс жүзінде расталған.

Ғалым көп векторлы магнит өрісі туралы жаңалықты патенттеп, бұған негізделген алғашқы двигательдің лабораториялық моделін тұңғыш рет жасаумен шектелмеген, бұл двигательдің түр-түрінің компьютрлік моделдерін құрып, қасиеттерін зерттеген. Көпке мәлім, қазіргі двигателдердің көлемін кішірейткен сайын оның пайдалы әсер кофициенті азая береді. Жаңа двигательде керісінше, кішірейткен сайын пайдалы әсер кофициенті көбейе береді.

Қазіргі компьютерлердің мүмкіндігі өте зор, осыған сүйенген және қатты дененің сұйық пен газдағы қозғалысының заңдылықтарын жақсы білетін ғалым, жаңа тұрпатты двигательді ұшақтарға компьютер арқылы «қондырып көргенде» мынадай ерекшелікті аңдаған: ұшақтың көлемін белгілі бір деңгейден арттырғанда ғана емес, кішірейткенде де оның жылдамдығы кемитін көрінеді. Жаңа двигательді бес орындықты ұшаққа қондырғанда  ең үлкен жылдамдыққа ие бола алатынын анықтаған.

Компьютерлік үлгілердің жүздеген түрін тынымсыз зерттеу барысында өз двигателінің тағы бір артықшылығын анықтайды. Тікұшақтарда негізгі үлкен винттен (зырылдауықтан) кішірек бір винттің тікұшақтың құйрық жағына орналастырылатыны мәлім. Бұл винттің басты міндеті айналдырушы моменттің (крутящий момент) ұшып келе жатқан тікұшақты көлденеңнен айналдырып жіберуінен (аунап кетуден) сақтайды. Сақтағанымен мұның кемшілігі зор, біріншіден, үлкен шығын, екіншіден, жылдамдықты екі есеге дейін шектейді. Ал жаңа тұрпатты двигатель айналдырушы моментті компенсациялайтындықтан кіші винттің керегі жоқ боп қалады. Бұл бір жағынан, кіші винтке кететін шығынды үнемдеуге, ең бастысы –  жылдамдықты екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Кей оқырман бұған сенімсіздік білдіруі де мүмкін «құйрығында зырылдауығы жоқ тікұшақтар да бар ғой» деп. Қайсыбірінде аталған винттің орыны ауыстырылып, үлкен винттің жанына орналастырылатынын да еске сала кетейік. Анығы, қазіргі тікұшақтардың қауіпсіздігі осы кішкентай зырылдауыққа бек таңылған екен. Ал профессор А. Сапарғалиев теориясын жасаған двигатель бұл винтке телінген тәуелділікті жойып, көкте ұшу сәтіндегі амандықты өзі-ақ сенімді атқарып шығатын көрінеді.

Мұның тағы бір артықшылығын айта кетейік. Фарадейдің бір векторлы магнит өрісіне негізделген қазіргі двигательдер үйлерге ыстық, салқын су айдайтын насостарда орнатылған. Күнделікті қолданыстағы тұрмыс заттарында да пайдаланылады. Атап айтсақ, желдеткіш, тоңазытқыш, т.б. А. Сапарғалиев теориясын жасап, сынақтан өткізілген құрал бұларға біраз өзгерістер әкеліп отыр. Мысалы, шаң сорғышқа орнатылса ондағы двигательдің көлемі кішірейіп, тұрмыс құралының сыртқы пішіні де шағындала түседі дейді.

Ғалымның ашқан тағы бір тың жаңалығы – массаспектромерия саласына қатысты.    Бұған Уикипедия ашық энциклопедиясында мынадай анықтама берілген: «Масс-Спектроскопия (масс-спектрометрия, масс-спектрлік талдау) – затты оның құрамына кіретін атомдар мен молекулалардың масссаларын және бұлардың санын анықтау жолымен зерттеу әдісі».

Оқырмандарға түсінікті болу үшін масса-анализатордың жалпы нобайының схемасын назарға ұсынып отырмыз.

Алғашқы – зарядталған ұсақ бөлшектердің ұшу уақытына негізделген магнитсіз масса-анализатордың лабораториялық моделі (TOFMS) бұрынғы КазГУ, қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте А. Сапарғалиевтың лабораториясында жасалған-ды. (Ғылыми-зерттеу жұмысының қорытынды есебі: Ұшу уақытына негізделген магнитсіз масс-спектрометрдің ион өткізгіштігін жасау. № ГР 01900024867. Инв.№02910040374, 38 б.) Осы саланың маманы А.Сапарғалиев әлем бойынша бірінші болып зарядталған бөлшектерді тұрақты электромагнит өрісінде кеңістік  және уақыт бойынша фокустеудің жалпы теориясын 1975-80 жылдары жасап, әртүрлі ғылыми басылымдарда жариялады. 1980 жылы тамам болған диссертацияны совет кезіндегі ұлттық теңсіздіктерге байланысты 1989 жылы өзге республикадан барып қорғады.

Қазақ ғалымы негізін қалаған қазіргі ең жетілген TOFMS масса-анализатордың айырғыштығы 45000 (АҚШ). Осы құралмен зерттеулер жасаған үш ғалым 2002 жылы  Нобель сыйлығын иеленді, аттарын атап, түстерін түстейік, олар: Джон Фенн, Коит Танака, Курт Вютрих.

Бәрімізге белгілі табиғи металдар қосылыстар түрінде жер қыртыстарында, тау жыныстарында, теңіз бен мұхит суларында кездеседі. Ажыратылу үшін бұлар әуелі зарядталады. Осы себептен масса-анализаторда орналасқан магниттер оларды (мыс, күміс, алтын, т.б.) массасына қарай бір-бірінен айырып, бөлектеп шығарады.                 

Осы күнгі пайдаланудағы TOFMS масса-анализатордың металдарды қоспалардан таза күйінде айырып алу мүмкіндігі бәрібір шектеулі, жартысы қалдықтың құрамында қалатын көрінеді.

Ал физик ғалым А. Сапарғалиев теориясын жасап қойған масса-анализатор құралы (100000) қалдықтың құрамында мысалы, күмістің не хромның, т.б. жұқанасын да қалдырмайды екен.

Осы тұста қарапайым оқырман үшін «масса-анализатор» сөзіне түсініктеме беріп өткеннің еш артықтығы болмас.

«Анализатор» атауы гректің сөзінен енген. Мағынасы «жіктеу», «талдау» дегенді білдіреді.  Қоспадағы кейбір заттардың бар жоғын анықтайтын аспап. Мұндағы «масса» сөзінің анықтамасы былай: «Материяның инерциялық және гравитациялық қасиетін анықтайтын физикалық шама».

«Инерция» терминінің де мағынасын қысқаша тартып айтып кетейік: денеге өзге бір дене әсер етпеген немесе соғылыспаған болса ол өз жылдамдығын сақтайды, осы құбылысты «инерция» деп атайды.

«Гравитаця» деп массасы (физикалық шама) бар кез келген денелер арасындағы өзара тартылысты айтады.

Қайталап айтамыз, бұлай тәптіштеуіміздің себебі ғалым А. Сапарғалиев ашқан жаңалық оқырманға ұғынықты болсын деген ниеттен-ді.

Масса-анализаторлар қазіргі уақытта органикалық емес заттарды ғана зерттеумен шектеліп отыр, мұның үстіне осы күнгі ең жетік делінетін TOFMS «PegasusGC-HRT» өте қымбат (450 мың. долл. АҚШ) әрі үлкен, ауыр. Органикалық затты, тірі табиғатты зерттеу үшін оның айырғыштығы кемі 100000 болуы қажет. Бірақ бұл тұрғыдағы мәселені де А. Сапарғалиев шешіп тастаған еді. Осы ғылыми жетістіктерін куәландыратын қолында Американың, Еуропаның және әлемдік патенттері бар (Патенттер: Sapargaliyev Y.A., Sapargaliyev A. A. US 8,598,516 B2; EP 2615622 A22; Sapargaliyev A. A., WO 2014/126449 A1; Sapargaliyev A. A., Miet A. Q. WO 2015/012671 A1; Sapargaliyev A. A., WO 2015/057042 A2; т.б.).

Ғалым А. Сапарғалиев ұсынып отырған айырғыштығы 100000-нан асатын жаңа масса-анализатордың қолға ұстап жүруге ыңғайлы портфель тәріздісін де жасауға әбден болады екен. Бұл – экологиялық мониторг пен анализдер жасауда, тіпті дәрі-дәрмектердің, тамақ өнімдерінің сапасын тексеруде, медициналық диагностика саласында таптырмас әмбебап құрал екені теориялық тұрыдан жан-жақты дәлелденген.

Адам баласының әуелгі бақыты – денінің саулығы. Олай болса, ғылымдағы А. Сапарғалиев ашқан бұл тың жаңалықтың медицинада электромагниттік өріспен емдеуде, нүктелік фармацевтік әсер етуде атқарар қызметі, тигізер пайдасы орасан екен. Сонымен қатар адамдарды бактериологиялық, химиялық, жарылғыш, есірткі және басқа қауіптерден қорғауда да мүмкіндігі өте зор дейді.

Ғалым Алдан Сапарғалиевтың жасаған қондырғысы – су тасқынынан қорғануда да таптырмас құрал екені белгілі боп отыр.

Өкінішке қарай, аталған құралды жасауға қаражат жағы қолбайлау боп тұрған көрінеді.

Сөзіміздің соңында  Алдан Сапарғалиев туралы мәлімет беріп, оқырманға таныстыра кетелік.

Ол 1944 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап (қазіргі әл-Фарабей атындағы), физика мамандығын алып шығады. Осы кезде жаңадан ашылып жатқан Ақтөбе педагогикалық институтына оқытушылық қызметке орналасып, үш жыл теориялық физикадан сабақ береді.

А. Сапарғалиев көп ұзамай ғылымға біржолата бет бұрады. 1973 жылы «Теориялық физика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғайды. Мұнан соң физикалық электроника оның ішінде «кванттық электроника» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын жазады. Мұны 1989 жылы Харьков қаласында қорғап шығады.

А. Сапарғалиев – Қазақстандағы Ядролық физика институтының арнайы бөлімін басқарған электроника саласының атақты маманы, академик Вениамин Кельманның шәкірті.

1975-80 жылдары академик В.Кельман бастаған қазақстандық электроника саласының мамандары – Е. Якушев пен А. Сапарғалиев зарядталған бөлшектер ағынының электр және магнит өрісінің сингулярлық нүктелеріндегі бірінші және екінші түрі аймағындағы қозғалысын басқарудың теориясын жасайды. Осы жұмыстары дүниежүзіне танылады. Бұл – бұдан бұрын В. Зворыкин, атом бомбасын жасаушы Л. Арцимович секілді ғалымдар айналысқан зерттеулер еді, бірақ нәтижесіз аяқталған-тын.

Алдан Сапарғалиев әр жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының директоры және ғылыми жетекшісі, кафедра меңгерушісі, бұрынғы СССР-дың электроника саласы бойынша жабық әскери жұмыстарының жетекшісі, ҚР Ғылым Академиясы – Ғылым министрлігінің мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламаларының жетекшісі болып еңбек еткен.

Профессор Алдан Сапарғалиев Қазақстанда кешуілдеп қалған электроника саласын жандандыру үшін бірінші болып радиофизика және электроника мамандықтары бойынша оқу бағдарламасының мемлекеттік білім беру стандартын жасады. Сондай-ақ, 1990 жылы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ал 2001 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде физикалық электроника, радиофизика және электроника мамандықтары бойынша оқу процесін ұйымдастырды, елімізде осы сала бойынша мамандар даярлауға зор үлесін қосты.

Міне, ғалым Алдан Сапарғалиев – өмір жолы өнегелі осындай дарынды адам.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, соңғы 30 жылда Қазақстанда ғылымға дұрыс көңіл бөлінбеді. Керісінше, Одақ бойынша әлеуеті үшінші орында тұрған Ғылым Академиясы жабылды. Ізденіспен ашылған талай жаңалықтар Қазақстанда іске аспады. Соңғы жылдары ғылымға қайта назар аударылып жатыр, әйтсе де ескіден қалған енжарлықтың әлі де сақталып қалғаны аңдалады. Осының салдарынан өз елімізде, өз жерімізде А. Сапарғалиев жасаған теорияның әлемдік ғылымдағы теңдессіз бәсі биік жаңалық екені әзір ұғынылар емес.

Бірақ «Үмітсіз – шайтан». Әлі де кеш емес, мемлекеттің назары түсер деген ойдамыз.

Қазақстанның дамуы, алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналуы – отандық ғылымның өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты. Бұған – әр қазақ тамсанып, армандап қарайтын АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Қытай сияқты, т.б. озық мемлекеттер нақты дәлел.

                                                                                                       Бөрібай Кәртен

                                                                                                      Ақтөбе қаласы

Пікірлер