Ахоу, Гвинея-Бисау. Қазақстан астығы Африка асады

163
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбало ресми келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифингте екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын бағыттарды атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы географиялық қашықтыққа қарамастан, екі елді ортақ мақсаттар мен ұмтылыстардың біріктіретінін айтты.

Келіссөздер барысында серіктестіктің негізгі бағыттары талқыланды. Ерекше назар көлік-логистика саласына аударылды. Президенттер Бисау портын Транскаспий көлік дәлізімен байланыстыру мүмкіндігін зерттеу туралы келісімге келді, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикалық байланыстарды дамытуға ықпал етуі мүмкін.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. Қазақстанның Гвинея-Бисауға астық экспорттау әлеуетінің зор екенін атап өтті. Басқа салалардың ішінде ол темір, фосфат және сирек кездесетін металдарды барлау және игеру бойынша тау-кен өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты атады.

Қазақстан Президенті Гвинея-Бисау делегациясын Астана халықаралық форумына қатысуға шақырып, осы елдің жастарына қазақстандық университеттерде білім алуды ұсынды.

Тараптар халықаралық мәселелерді талқылап, Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Африка Одағы аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын тоқталды.

«Бізді жаһандық бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты қолдау бойынша ортақ ұстанымымыз біріктіреді. Жалпы, жан-жақты қарым-қатынастарды нығайту үшін кең мүмкіндіктер бар. Бүгінгі маңызды келісімдер – соның айқын дәлелі. Умару Сисоку Эмбало мырзаның сапары Қазақстан мен Гвинея-Бисау арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді Тоқаев.

Өз кезегінде Гвинея-Бисау Президенті білім беру, көмірсутектерді экспорттау және табиғи ресурстарды игеру салаларындағы серіктестік әлеуетіне тоқталды.

«Қазақстан мен Гвинея-Бисау табиғи ресурстарды барлау, білім беру және көмірсутектерді экспорттау сияқты салаларда өзара іс-қимылды жандандыру үшін қажетті тетіктерге ие. Сондай-ақ біз әртүрлі халықаралық платформалар аясындағы байланыстарды тереңдетуге және көпқырлы қарым-қатынастарымызды ілгерілетуге мүдделіміз», – деді Умару Сисоку Эмбало.

Пікірлер