Мәскеуде генерал Игорь Кириллов пен оның көмекшісі қаза тапқан жарылысты Украина өз мойнына алды. Бұл туралы Украина қауіпсіздік қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
"Бүгін Ресей Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің басшысы генерал-лейтенант Игорь Кирилловқа жасалған шабуыл – УҚҚ-дың арнайы операциясы", – делінген Украина қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, BILD басылымының хабарлауынша, Кириллов "толығымен заңды нысана"ретінде аталған.
"Кириллов – әскери қылмыскер және толығымен заңды нысана, өйткені ол украин әскеріне қарсы тыйым салынған химиялық қаруды қолдануға бұйрық берген. Мұндай ұятты өлім украиндықтарды өлтіргендердің барлығын күтуде. Әскери қылмыстар үшін жазалау сөзсіз болады", – деп мәлімдеді СБУ өкілдері.
Еске сала кетсек, Мәскеудегі Рязан даңғылындағы тұрғын үйдің жанында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан. Оның бірі - генерал Игорь Кириллов. Ақпарат бойынша, таңертең Рязанск проспектісінде болған жарылыстың себебі ретінде самокаттың рульіне бекітілген жарылғыш құрылғы күдіктелуде. Сарапшылар жарылыс жерден шамамен бір метр биіктікте болғанын, бұл самокаттың рульінің орналасуына сәйкес келетінін айтады. Жарылыс толқыны жақын маңдағы пәтерлердің терезелерін сындырып, жарылыс таңғы сағат 6-да тіркелген.
Ақпарат ресми түрде әлі расталған жоқ.