Иранда хиджабсыз онлайн-концерт өткізген әнші Парасту Ахмадиге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ел билігі концерттің заңды және мәдени стандарттарға сәйкес келмейтінін мәлімдеді. 11 желтоқсанда өткен шығармашылық кештің жазбасы интернетте кеңінен таралғаннан кейін полиция әншінің үйіне тінту жүргізіп, заттарын тәркілеген.
Иранның сот органдары Ахмади мен оның командасына қарсы сот ісі басталғанын растады. Билік оның әрекеттерін белгіленген нормаларды тікелей бұзу ретінде қарастырып, тиісті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, ирандық әншінің концерті 500 мыңға жуық қаралым жинаған. Ал Instagram-дағы қысқа тизер ролигін шамамен 2 миллион адам көрген.
1979 жылы Иран билігіне радикал діни топтар келген соң әйелдерге хиджаб кию міндеттелген. Иранның қазіргі заңы сай, әйелдер шашы мен мойнын көрсетпеуге тиіс. Ережені орындамағандарға айыппұл салынады не қамалады. Елде басына орамал тақпаған әйелдерге көшеде жиі шабуыл жасалады. Хиджаб кию тәртібін әдеп полициясы қадағалайды.