Жеке фотосуретті рұқсатсыз жариялағаны үшін блогер жауапқа тартылды

183
Adyrna.kz Telegram
фото: Ratel.kz
фото: Ratel.kz

Сәтбаев қалалық сотында талап қоюшы "С"-ның өзінің фотосуретінің әлеуметтік желіде жариялануын оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзу, фотосуретті әлеуметтік желіден жою, әлеуметтік желіде жария түрде кешірім сұрау және моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық ісі қаралды.

Сот отырысында жауапкер "С" 2023 жылғы 28 шілдеде өзінің "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшасында талап қоюшының жеке өміріне қатысты мәліметтер жазылған қазақ тіліндегі жазбамен бірге талап қоюшының фотосуретін жариялағаны анықталды.

Аталған фотосурет талап қоюшының жеке бейнесі болып табылады және жалпыға ортақ қолжетімді болмаған. Жауапкер талап қоюшының жазылушысы болмаған және фотосуретті рұқсатсыз жариялауға құқығы болмаған.

Осыған байланысты талап қоюшы фотосуретті әлеуметтік желіде жариялауды жеке құқықтарды бұзу деп танып, оны әлеуметтік желіден жоюды, әлеуметтік желіде кешірім сұрауды және моральдық зиян үшін 500 000 теңге өтемақы төлеуді талап етті.

Сот отырысында жауапкер талап қоюшының уәждерін мойындамады, оның жеке мүліктік емес құқықтары бұзылмағанын, жарияланымның заңды сипатқа ие екенін және фотосуретті жариялауға рұқсаттың қажет болмағанын айтты.

Сәтбаев қалалық сотының шешімімен талап ішінара қанағаттандырылды. Жауапкер "С"-нің "Facebook" әлеуметтік желісінде талап қоюшының бейнесін (фотосуретін) оның келісімінсіз жариялауы жеке мүліктік емес құқықтарды бұзу деп танылды.

Жауапкерге 2023 жылғы 28 шілдеде "Facebook" әлеуметтік желісіндегі "НБ" аккаунтында жарияланған фотосуретті жою, "Facebook" желісінде көпшілік алдында кешірім сұрау міндеттелді.

Сондай-ақ, жауапкерден талап қоюшының пайдасына моральдық зиян ретінде 100 000 теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен Сәтбаев қалалық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылып, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылды.

Шешім заңды күшіне енді.

Пікірлер