Сирияның ең қарт саяси тұтқыны 43 жыл болған түрмеден бостандыққа шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы TRT-ға сілтеме жасап.
Рагид Ахмад аль-Татари - әлемдегі ең қарт саяси тұтқындардың бірі. Ол Сирия режимінің түрмелерінде 43 жыл қамауда болған. Оның тарихы төзімділіктің символына айналды.
Аль-Татари 1981 жылы 27 жасында тұтқындалған. Оны тұтқындауға Иорданияға қашқан ұшқыш-қызметтесінің қашқаны туралы ақпаратты жасырғаны себеп болған. Екі жыл бойы жеке камерада отырғаннан кейін оны Меззе түрмесінен Тадморға (Пальмира) және кейінірек Седна түрмесіне ауыстырған. 2011 жылдан бері ол Адра орталық түрмесінде болған. Оған әскери сот бір минутта өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.
Түрмеде аль-Татари суретші және мүсінші ретінде талантын көрсеткен. Ол нан үгінділерінен, қанттан және зәйтүн сүйектерінен миниатюралар жасаған. Сондай-ақ нан қамырынан фигуралар жасап, матаға шахмат тақтасын салып шахмат турнирлерін ұйымдастырған.
Оның ұлы Ваиль, қазір 40 жаста. Балалық шағында анасы оған әкесінің жай ғана кеткенін айтқан екен.
"Әрбір бейтаныс адамды көргенде, мен: «Мүмкін, бұл менің әкем болар?» деп ойлайтынмын. Мен есікке жақындап күтіп тұратынмын. Бірақ ешкім келмеді. Уақыт өте келе бұл шыдауға болмайтын нәрсеге айналды" — деді ол.
Бұрынғы тұтқындардың бірі олардың алғашқы әңгімесін еске алып: «Мен оған қанша жылға сотталғанын сұрағанда, ол күліп: «сенің мерзімің — мен түрменің дәретханасында өткізген жылдарымның саны», — деп жауап берген», — деп атап өтті.
Рагид аль-Татаридің тарихы таңғажайып төзімділіктің символы болып қалды.
Бұған дейін исламшыл көтерілісшілердің күштері Сирия астанасы Димашыққа кіргенін және әскери түрмелерден мыңдаған тұтқынның босатылғанын жазған едік.