Жапония төрт күндік жұмыс аптасын енгізбек

800
Adyrna.kz Telegram

Токио демографиялық дағдарыспен күресудің жаңа әдісін сынап көріп жатыр. Қазіргі уақытта халық тез қартаюда, ал жастар өздерінің жұмысбастылықтары салдарынан бала тууға асығар емес. Осыған байланысты Жапония 4 күндік жұмыс аптасын енгізбек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Fortune басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, Токио өз қызметкерлеріне аптасына тек төрт күн жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық әйелдерге түсетін жүктемені азайтып, бала туу деңгейін арттыруға бағытталған. Өйткені ел халқының қартаюы алаңдатарлық жылдамдықпен өсуде.

Реформа аясында қызметкерлер аптасына төрт күн жұмыс істеумен қатар, бала күтіміне арналған жартылай демалыс алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бастама жұмыс күнін екі сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.

"Біз әйелдердің туу және бала тәрбиелеу сияқты өмірлік жағдайларға байланысты мансабын құрбан етпеуі үшін жұмыс түрлерін икемді түрде қайта  қарастырып отырмыз" – деді Токио губернаторы Юрико Коикэ осы аптада өткен Токио астаналық ассамблеясының кезекті сессиясында.

Басылымның мәліметінше, Жапонияда туу көрсеткіші қатарынан сегізінші жыл қатарынан төмендеп келеді. 2024 жылдың бірінші жартысында елдегі туу деңгейі рекордтық төмен деңгейге жетті. Небәрі 350 мың бала дүниеге келіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға аз. Ал астанадағы туу коэффициенті рекордтық 0,99 балаға дейін төмендеді, ал халық санын тұрақты сақтау үшін бұл көрсеткіш 2,1 болуы керек.

Айта кетейік, Жапония үкіметі туу көрсеткішін арттыру мақсатында бірнеше онжылдық бойы түрлі шаралар енгізіп келеді. Мәселен, балабақшаларға субсидиялар, бала күтімі бойынша ұзақ демалыстар және  танысу қосымшасының іске қосылды. Алайда бұл шаралардың әсері аз болды. Себебі қатаң еңбек мәдениеті мен әйелдерге түсетін жүктеме өзгеріссіз қалды.

Зерттеулерге сәйкес, жұмыс аптасын қысқарту үйдегі міндеттерді теңдей бөлісуге және өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Алты елде жүргізілген тәжірибе ер адамдардың балаларымен көбірек уақыт өткізіп, үй шаруасына белсенді араласатындығын көрсетті, деп хабарлайды басылым.Әйелдер ерлерге қарағанда бес есе көп ақысыз жұмыс атқаратын Жапония үшін бұл маңызды қадам болуы мүмкін.

"Төрт күндік жұмыс аптасы тиімді болуы мүмкін. Бірақ ол барлық салалар мен елдерге әмбебап шешім бола алмайды," – деп түсіндірді  еңбек тәжірибесі бойынша сарапшы Джулия Хобсбом.

Пікірлер