Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай үшін халықтан кешірім сұрады

838
Adyrna.kz Telegram
Фото: bloomberg.com
Фото: bloomberg.com

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль қоғамдық наразылық тудырған әскери жағдай жариялағаны үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Шын көңілден халықтан кешірім сұраймын. Әскери жағдай жариялауға байланысты жауапкершіліктен жалтармаймын", - деді Оңтүстік Корея президенті.

3 желтоқсанда кешке Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель төтенше әскери жағдай жариялаған еді. Жағдайға қатысты Қазақстанның экс-елшісі фэйсбук парақшасында жазба жариялады.

"Жаңа ғана, яғни таңертеңгі сағат 10:00 - де Корея Республикасы президенті Юн Сок - ёль мырза халыққа сөз сөйледі. Өте қысқа. Тоқетері:

1. Халықтан кешірім сұрады. Екі рет. Басын иіп.
2. Өз шешімінің заң тұрғысынан болсын, басқа да жағынан өрбитін салдарынан жалтармайтынын айтты.
3. Атқарушы билікті толығымен жетекші "Халықтың күші" партиясымен бірге атқаратынын жеткізді.
Бұл, дәлірек айтқанда, қалай болады, кім билікті қандай көлемде, қалай атқаратынын егжей - тегжейлі жеткізбеді.
4. Ендігіде, яғни өзі билікте тұрғанда екінші рет Төтенше әскери жағдайы жария болмайтынын айтты.
5. Сөзін тез аяқтап, бөлмеден шығып кетті. Бүгін сағат 17:00 - лерде (Корея уақыты) парламент импичмент мәселесін қарайды.
Түскі 2 - лерден бастап партиялардың жақтастары, екі жақтан да, Сеулде шеру өткізеді.
Бүгінгі күн аса маңызды. Бірақ, мәселе осымен аяқталмайды.

Заңға сәйкес жасалатын қадамдар бар. Мысалы, Парламент шешімін (қабылданса) Конституциялық Сот қарайды.

Егер импичмент бүгін өтпесе, бұл мәселе кейінірекке шегеріліп, оппозиция дауыс жинауға тырысып, тағы да қарайтын болады. Оппозиция парламенттегі басым күш. Жалпы, елдегі саяси жағдай тұрақсыз. Оқиғалар сағат сайын өрбіп жатыр... Алайда, корей және басқа да, оның ішінде біздің азаматтарға қауіп төніп тұрған жоқ. О.Корея - бейбіт ел", - деп жазды Дулат Бакишев жазбада.

Қазақстан азаматтары төтенше жағдай кезінде жедел байланыс үшін мына нөмірлерге хабарласа алады: +8210-6572-9311.

Пікірлер