Неміс тарихшыcы, Герда Хенкель сыйлығының иегері Карл Шлёгель Ресейді өте жақсы біледі. Ол Ресей президенті Путиннің "жарқын болашағы" өткеннің еншісінде қалып қойған деп тұжырады.
25 қараша күні кешке Дюссельдорфте Герда Хенкель атындағы беделді сыйлықты табыстау рәсімі өтті. 2024 жылдың лауреаты – неміс тарихшысы Карл Шлёгель атанды.
Қазіргі Ресей мен Украина арасындағы соғыс кештің басты тақырыбына айналды. Бұрынғы аймақтық парламент орналасқан К21 заманауи өнер музейінде өткен салтанатты шарада Украинадағы соғыстың қаралы межесі – 1000 күнді артта қалдырғаны талқыланды. Бұл оқиға ғалымдар мен қоғамның ойынан кетпей, марапаттау рәсімінде дәрменсіздік атмосферасы сезілді.
76 жастағы лауреат өз толғанысын жасырмай, дауысындағы дірілге қарамастан Ресей туралы айтты. Ол Ресейде бірнеше рет болып, білім алды, ғылыми жұмыстармен айналысып, дәрістер оқыған және сүйікті ісі «қалалар мен ландшафттарды мәтін ретінде оқумен» шұғылданған. Оның айтуынша, қазіргі оқиғалар оның жүрегінде терең жара қалдыруда.
Беделді сыйлықты алғаннан кейін неміс тарихшысы DW тілшісімен сұхбатта өз әсерімен бөлісті.
- Сізді марапатыңызбен құттықтаймыз. Біз сіздің сүйікті тағамыңыз – шпецлені дәмін тату мүмкіндігіне ие болдық (сыйлық негізін қалаушылар салтанатты кешке келген қонақтар үшін лауреаттың сүйікті тағамын арнайы дайындайды). Сіз орыс немесе украин асханасының сүйікті тағамдарын ұнатасыз ба?
- Иә, мен борщты жақсы көремін. Украинаға барған сайын, онда борщтың қаншалықты керемет дайындалатынына әрдайым таң қаламын. Ал Берлинде неге украин мейрамханалары жоқ екенін түсінбеймін. Көптеген мейрамханаларда украиналық аспаздар жұмыс істейді, бірақ украин асханасына арналған жеке мейрамхана жоқ. Осындай мейрамханалар пайда болса, мен қатты қуанар едім (Google-да «Берлиндегі украин мейрамханалары» деген сұраныс бірнеше мекенжайды көрсетеді. - Ред.).
- Сыйлықты табыстау рәсімінде сөйлеген сөзіңізден Украинадағы соғыс басталғанына 1000 күн өтсе де, сіздің әлі де шоктан арыла алмағаныңыз байқалды. Енді сіз көп жылдар бойы дайындаған еңбектеріңізді қайта қарастырасыз ба?
- Жоқ, бұл менің еңбектерімде немесе кітаптарымда жазылғандарға әсер етпейді. Менің ойымша, осы уақытқа дейін маңызды рөл атқармаған кейбір аспектілерді жаңа қырынан зерттеу қажет болады. Мысалы, империялық орталық пен империялық периферия құбылыстары және ұлттық қозғалыс пен белгілі бір мәдениетке тән империалистік сипат мәселесі. Әңгіме тарихты қайта жазу туралы емес, оны қайта түсіну туралы. Қалай біз Кантты жаңа қырынан оқи бастадық, солай Пушкин мен Достоевскийді де жаңа көзқараспен оқимыз. Интеллектуалдық тұрғыдан алғанда, бұл орыс әдебиетін ашуға өте қызықты және тың тәсіл болады.
- Өз сөзіңізде Владимир Путин соғыспен бүкіл орыс мәдениетін былғап жатқанын айттыңыз...
- Ол орыс мәдениетін қорғаныс құралы ретінде пайдаланып отыр. Путин симфониялық оркестрмен бірге гастрольдік сапарларға Гергиевті (Қазан айында Валерий Гергиев басқаратын симфониялық оркестр Қытайға ауқымды гастрольдік сапармен барып келді. Бұған дейін оркестр Түркияда болып, Эфес қаласында алғаш рет өнер көрсетті. - Ред.) жіберді, онда олар орыс классикасын орындады. Бұл – орыс мәдениетін Ресей агрессиясын бүркемелеу үшін пайдалану. Мұндай мысалдар әрдайым болған. Тарихта нацистер басып алған елдерде Вагнер мен Фуртвенглерді жылдар бойы тыңдауға мүмкіндік болмаған уақыттар болды. Қазір де солай болады. Бұл музыканы жай ғана тыңдау мүмкін емес. Қазір біз онымен бірге ракеталардың дыбысын естиміз және бұл ұзақ уақыт бойы ұмытылмайды.
- Ресей президенті Путин сізді Ресейді зерттеуден алған қуанышыңыздан айырды ма?
- Жоқ, мен өз жұмысымды жалғастырамын. Менің әлі де көптеген жоспарларым бар. Путинизмді ғылыми талдау мен сынға алу маңызды. Қазір көптеген адамдар Ресейді жау ретінде қабылдайды. Бірақ бұл бізге онда болып жатқан процестерді, репрессиялық саясатты және путинизмнің мәнін зерттеуді тоқтату керек дегенді білдірмейді. Менің ойымша, бұл міндетті шешу әлі де алда тұр.
- Көптеген неміс БАҚ өкілдері сыйлықты табыстардың алдында сіздің «Ресей – дұшпан» деген сөзіңізді тақырыпқа шығарды. Алайда Дюссельдорфтегі сөзіңізден мен сіздің жақсы досыңызды жоқтап тұрғандай әсер алдым. Сіз Ресейді шынымен дұшпан көресіз бе, әлде...?
- Егер сізде бұған келетін лайықтырақ сөз болса... Ресей соғыс жүргізіп жатыр. Бұл тек Путиннің соғысы емес. Бұл – ресейлік сарбаздар, ресейлік зымырандар, Украинаға зымырандарды ұшыруға қатысатын ресейлік инженерлер. Сондықтан бұл туралы ашық айту керек. Путин ғана емес, Ресей Федерациясы, Ресей соғыс жүргізуде. Дегенмен, мен басқа Ресейдің бар екеніне сенгім келеді. Ол – мәдениетті, ойлануға қабілетті Ресей. Бұл даусыз шындық. Сол сияқты, орыс мәдениеті бар екені де анық. Бұл – факт. Бірақ қазіргі уақытта соғыс туралы айтқанда, соғысты жүргізіп жатқан Ресей екенін айту керек.
- Путиннің тарихты жақсы көретіні және оны қайта жазуға тырысатыны белгілі. Мысалы, Германияның бірігуін аннексия деп атады. Ресей президентінің болашағы бар ма? Әлде ол өткенге байланғандықтан, тарихты өз пайдасына пайдалануға тырыса ма?
- Путин тарихқа қашып барады. Өйткені Ресейдің болашағы туралы ешқандай түсінігі жоқ. Бұл – оның мәселесі, оның тағдыры. Ол қазіргі Ресейдің қандай екенін түсінбейді. Ресей енді империя емес, ол – нағыз Ресей Федерациясы, 21-ғасырдың заманауи Ресейі. Сондықтан Путиннің «жарқын болашағы» артта, тарихта қалып қойған. Оның жаңа Ресей үшін ешқандай тұжырымдамасы жоқ. Путин – тарихшы емес, ол өзіне қажет тарихты ойдан шығарады.