Павлодарда физика пәнінің мұғалімі TikTok-тағы сөз тіркестерін қайталап айтқан оқушыны ішінен ұрып, жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде оқушының әрекеті мен мұғалімнің жауабы түсірілген видео тарады. Онда оқушы партада отырып, аниме кейіпкерінің ұранын қайталап айтып, содан кейін орнынан тұрып, артынан орындыққа шығып сол сөздерді айқайлап айтқанын көруге болады. Сол сәтте мұғалім оның әрекетіне таңданып: «Ауырып тұрсың ба?» деп сұрайды да, бірнеше секундтан кейін оқушыға жақындап, ішінен ұрып, орнына отыруын талап етеді.
Белгілі болғандай, оқушы бұл аниме кейіпкерінің «ақымақ» дегенді білдіретін сөз тіркесін сыныптастарымен бәстескен соң айқайлап айтқан. Павлодар қаласының білім бөлімінің мәліметінше, оқиға физика сабағында орын алған.
«Оқушы сыныптастарымен бәстескеннен кейін TikTok-тағы трендке айналған дыбысты орындыққа шығып, айқайлай бастады. Мұғалімнің ескертуіне құлақ аспағандықтан, педагог физикалық күш қолданған», – деп түсіндірді Павлодар қаласының білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.
Мектепте қызметтік тексеріс жүргізілгені белгілі болды.
«Мектеп директоры жасөспірімнің ата-анасымен кездесіп, баламен әңгімелесті. Анасы мен баланың тарапынан шағым түспеген. Дегенмен мұғалімнің мұндай әрекеті, әрине, қолайсыз. Осы жағдайдан кейін мұғалім өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып, қызметінен босатылды», – деді Қуаныш Қыдырәлин.
Айта кетейік, әлеуметтік желі қолданушылары мектеп басшылығынан мұғалімді жұмыстан шығармауды сұрап, оқушының ата-анасын баласының әрекеті үшін жауапқа тартуды ұсынған.