Президент Қытайдың даукес елшісін орденмен марапаттады

622
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны қабылдады. Бұл туралы бүгін, 2 желтоқсанда Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Әңгімелесу барысында президент Қазақстан мен Қытайды ғасырларға ұласқан берік достық пен тату көршілік қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзара сенім мен құрметке негізделген тиімді ынтымақтастықтың нығаюына екі тарап та үлес қосып келеді.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Қытайдың ықпалдастығы қарқынды әрі сан қырлы сипат алғанын айтты. Екі ел арасында белсенді саяси диалог қалыптасты, сауда-экономикалық әріптестік өркендеді, мәдени байланыстар жанданды және білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалардың саны артты. Қауіпсіздік саласында, әсіресе, «үш зұлым күшке» қарсы күрес бағытында тығыз ынтымақтастық орнаған. Бұдан бөлек, елдеріміздің БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясындағы, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы халықаралық байланыстары белсенді өрбіп келеді. Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай тату көршілік қарым-қатынастың нағыз үлгісін көрсетіп отыр.

Өз кезегінде Қытай елшісі Чжан Сяо Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Бейжіңнің жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейіл екенін растады.

Мемлекет басшысы Чжан Сяоның қазақ-қытай достығын табысты дамытуға, мемлекетаралық байланыстарды тереңдетуге қосқан үлесін жоғары бағалап, II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кету керек, Қазақстанда Чжан Сяоның қызметі бірыңғай мақтаулы болған емес. 2020 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны шақыртып, қытайлық www.sohu.com сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады» атты мақалаға қатысты наразылық білдірген болатын.

«Қытай елшісіне мұндай сипаттағы мақаланың жариялануы 2019 жылғы 11 қыркүйекте Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтіндігі атап өтілді»,- деп деген сонда Сыртқы істер министрлігі.

Бір ескеретіні, Сяоның өзі даулы мәлімдемелерімен және жергілікті баспасөз өкілдеріне қарсы агрессиясымен танымал.

Чжан Сяо 1964 жылы желтоқсанда Қытайдың Гуандун провинциясындағы Синнин қаласында дүниеге келген. 1987-1988 жылдар аралығында Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігі хаттама департаментінің қызметкері;

2014-2017 жж – Қытайдың Ресей Федерациясындағы елшілігінің өкілі;

2001-2003 жж – Қытайдың Беларусь Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі;

2017-2018 жж – Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Орталық Азия департаментінде жұмыс істейді (департамент директоры деңгейінде);

2018 жылғы 31 тамыздан бастап Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Пікірлер