Қазақстан мен Қытайдың СІМ басшылары әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады

605
Adyrna.kz Telegram

«Орталық Азия – Қытай» форматындағы Сыртқы істер министрлерінің 5-кездесуіне қатысу аясында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесу өткізді. Бұл туралы 1 желтоқсанда СІМ баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы ахуалы мен одан әрі даму келешегін, аса жоғары және жоғарғы деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сауда-экономикалық, транзит-көліктік ынтымақтастықты арттыру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайту жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңыздылығы аталып өтті.

«Биыл 10 айдың ішінде екіжақты тауар айналымы 36,5 млрд АҚШ доллары көлемінде рекордтық көрсеткішке жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 11%-ға артық»,—делінген хабарламада.

Білім беру алмасуларын кеңейту, ғылыми зерттеулерді қолдау және бірлескен мәдени іс-шараларды өткізуді қоса алғанда, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері келіссөздердің жеке пункті болды.

«Қазақстан мен Қытай көршілер ғана емес, сонымен қатар қазіргі заманның сын-қатерлерімен бірлесіп күресуге және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті стратегиялық серіктестер», – деді Мұрат Нұртілеу.

Өз кезегінде Ван И Қытай Қазақстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын және екі халықтың өзара пайдасы мен өркендеуі үшін оларды одан әрі тереңдетуге ұмтылатынын атап өтті.

Пікірлер