Талибан жиһад тарихын құжаттандыру жұмысын бастады

176
Adyrna.kz Telegram

Радикалдық «Талибан» қозғалысының өкілдері жиһад құндылықтарын сақтау басқармасын құру туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы жергілікті Ariana News басылымына сілтеме жасап. 

Талиб үкіметінің ақпарат және мәдениет министрі міндетін атқарушы Хайрулла Хайрхва журналистерге жаңа департаменттің міндеті «жиһад құндылықтарын және оның тарихын сақтау» екенін мәлімдеді.

Басқарманың үш негізгі бағыты белгіленді: аудиовизуалды контент өндірісі, жиһад мұражайын құру және тарихи оқиғаларды құжаттандыру. Сарапшылар Ұлыбританияға, КСРО-ға және АҚШ-қа қарсы ауған қарулы қақтығыстарына байланысты артефактілерді жинап, архивтейтін болады.

Министрдің айтуынша, жиһад мұражайлары тек Кабулда ғана емес, Ауғанстанның провинцияларында да салынады.

Ауғанстанда басқыншыларға қарсы күрес ислам жиһады — мұсылмандардың кәпірлерге қарсы соғысы ретінде жүргізілген. XIX ғасырда Ұлыбритания империясымен, кейінгі заманда КСРО-мен, одан кейін АҚШ және НАТО серіктестерімен болған қақтығыстар осылай сипатталды.

АҚШ әскерлері 2021 жылы елден шығарылғаннан кейін билікті радикалды саясат жүргізіп, адам құқықтарын, әсіресе әйелдердің құқықтарын бұзумен танылған талибтер басып алды. Осыған байланысты әлемнің бірде-бір елі «Талибан» үкіметін ресми түрде мойындамады.

Соған қарамастан, кейбір елдер талибтерді террористік ұйымдар тізімінен шығарды, атап айтқанда Қазақстан мен Қырғызстан. Ресей де осындай қадам жасау туралы бірнеше рет мәлімдеді және оны жүзеге асыруы мүмкін.

Бұған дейін, Ресей Мемлекеттік Думасы халықаралық ұйымдарды, соның ішінде «Талибанды» елде тыйым салынған ұйымдар тізімінен уақытша шығару туралы заң жобасын қарастырғанын жазған едік.

Пікірлер