Ресей мен Қазақстанның құқық қорғау органдары екі елдің азаматтарынан тұратын 15 адамнан құралған қылмыстық топты ұстады. Топ екі адамды ұрлап, оларды гаражда ұстаған. Бұл туралы БайконурИнфо жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық арнасы.
Ақпаратқа сәйкес, қылмыстық топтың жетекшісі — 38 жастағы Ресей азаматы, бұған дейін сотталған. Ол танысының көлігін ұрлады деп күдіктеніп екі адамды ұрлауды жоспарлаған.
«Олар зардап шеккендерді гаражда ұстап, ұрып-соққан. Біріне ауыр дене жарақаты салып, өміріне қауіп төнген», — деп мәлімдеді Байқоңырдағы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Олег Ханжин.
Сот қылмыстық топ жетекшісін кінәлі деп танып, оған қатаң режимдегі колонияда 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал 14 Қазақстан азаматына қатысты үкімді Қызылорда облысындағы Қазалы аудандық соты шығарды.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 13 айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі («Адам ұрлау») және 126-бабы 3-бөлігі («Заңсыз бас бостандығынан айыру») бойынша кінәлі деп танылып, оларға 7 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Бір айыпталушы қылмысты жасырғаны үшін 8 айға түрмеге қамалды.
Қазақстанның Қызылорда облыстық соты айыпталушылардың жазаларын жеңілдетті.