Нетаньяху қамалсын ба? Халықаралық қылмыстық соттың ордері

1015
Adyrna.kz Telegram
Фото: dzen.ru
Фото: dzen.ru

Халықаралық қылмыстық сот Нетаньяху, Галант және ХАМАС жетекшісіне ордер берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галант және ХАМАС жетекшілерінің бірі Мұхаммед Дейфке әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген айыппен қамауға алу ордерін берді.

ХҚС мәліметінше, Израиль басшылығы Газа секторындағы бейбіт тұрғындарды өмір сүруге қажетті заттардан әдейі айырып, гуманитарлық көмекке кедергі келтірді деп айыпталып отыр. Сонымен қатар, сот Газадағы бейбіт тұрғындарға бағытталған әуе соққылары мен адам құқықтарын бұзу жағдайларын анықтады.

Мұхаммед Дейфке қатысты айыптар 2023 жылы 7 қазанда Израильдегі бейбіт тұрғындарға жасалған террористік шабуылдарға байланысты. ХҚС мәлімдемесінде бұл әрекеттер бейбіт тұрғындарды жаппай қырып-жою сипатында болғаны айтылған.

Израиль үкіметі сот шешімін "абсурдты" деп атап, ХҚС-ты террористік топтарды қолдады деп айыптады. Израильдің оппозициялық саясаткерлері де бұл шешімді сынап, оны "терроризмді мадақтау" деп бағалады.

ХҚС-тың бұл қадамы Таяу Шығыстағы шиеленістің одан әрі ушығуына ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар. 2023 жылдың қазанынан бері Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс кезінде мыңдаған адам қаза тапты.

Айта кетейік, "Украинаға қарсы соғыс ашып, басқыншы әскерлерінің қолымен украин халқын құртып жатқан Ресей президенті  Владимир Путин - әскери қылмыскер" деп айыпталған еді. Халықаралық қылмыстық сот (ХҚК) Ресейдің басшысын қамауға алуға ордер берген.

Пікірлер