Өзбекстан президенті келер жылға дейінгі экономикалық даму мақсаттарын белгіледі

646
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаңадан сайланған Олий Мажлис  отырысында елдің 2025 жылға дейінгі негізгі экономикалық мақсаттарын таныстырды, деп хабарлайды "Адырна " ұлттық порталы.

Президент өз мақсаттарын таныстырды. Онда экономикалық өсімді 6-7% деңгейінде қамтамасыз ету, инфляцияны 5-6%, ал бюджет тапшылығын 3%-дан аспайтын шекте ұстау мен  1 миллион адамды кедейліктен шығару. Сондай-ақ, 300-ден астам ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру, азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімін 1,3 есе көбейту, экономикадағы жеке сектордың үлесін 85%-ға дейін ұлғайту. Бұл үшін мемлекеттік активтерді кең көлемде жекешелендіру жоспарланған.

Атап айтқанда, мемлекетке тиесілі 2000 кәсіпорынды жекешелендіру мен 5000-нан астам жылжымайтын мүлік нысанын сату, ірі 16 кәсіпорынның акцияларын IPO арқылы орналастыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жалпы сомасы 30 млрд долларды құрайтын жобаларды жүзеге асыру.

Президент мақсаттарға жету үшін үкімет пен парламенттің тығыз ынтымақтастығы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық серіктестікті дамытуға, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және жастар тәрбиесіне ерекше назар аударылатынын айтты.

Шавкат Мирзиёев соңғы бес жылда қол жеткізілген экономикалық нәтижелерді де атап өтті.

Өзбекстан экономикасы екі есе өсіп, көлемі 100 млрд доллардан асқан, жан басына шаққандағы табыс 3000 долларға жетті. Соңғы бес жылда экспорт көлемі екі есе өсіп, 25 млрд долларға жеткен. Алтын-валюта резервтері 40 млрд доллардан асса, шетелдік инвестициялар көлемі алты есе көбейіп, 1,5 миллион жұмыс орны ашылған. 10 ірі күн және жел электр станциясы іске қосылды. Балама энергия үлесі үш есе артып, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 74%-ға, жоғары біліммен қамту 39%-ға жетті. Барлық аймақта «Инсон» (Адам) орталықтары ашылып, тұрғындарға 100-ден астам әлеуметтік қызмет көрсетілуде.

Мирзиёевтің айтуынша, "Өзбекстан-2030" стратегиясы аясында елдің ЖІӨ көлемін 160 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Биылғы жылы бұл көрсеткіш 110 млрд доллар болады деп болжануда.

Сондай-ақ, парламент отырысында депутаттар Абдулла Ариповты қайтадан Премьер-министр лауазымына бекітті. Ал 2025 жыл Өзбекстанда «Қоршаған ортаны қорғау және жасыл экономика жылы» деп жарияланды.

Пікірлер