Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері 60 миллион теңге жымқырған

391
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында қашықтан екі балабақшада қатар жұмыс істеген бухгалтер жеті жыл ішінде 60 миллион теңге жымқырған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мұғалжар ауданындағы "Гүлдер" және "Балауса" балабақшаларында есепші болған әйел өзі Қандыағашта тұрғандықтан, жарты ставкамен қашықтан жүмыс істеген. Ол балабақша басшыларының ЭЦП қолын пайдаланып, заңсыз түрде өз есепшотына жалақы ретінде ақша аударып отырған. Бұл ұзақ уақыт бойы жалғасып, тек 2024 жылдың наурыз айында екі балабақшаның директорлары бухгалтердің есептерін тексеру туралы аудандық білім бөліміне өтініш білдірген. Себебі, бухгалтер кейбір есептік құжаттарды ұсынбаған.

Жазда жүргізілген мемлекеттік аудит бухгалтердің "Балауса" балабақшасынан 30 миллион теңге, "Гүлдер" балабақшасынан 29 миллион 700 мың теңге жымқырғанын анықтады.

Айыпталушы 60 миллион теңге ұрлағанын толық мойындады. Ол шығынды бөліп өтеуге уәде беріп, жазасын кейінге қалдыруды және түрмеге қамамауды сұраған. Себебі 12 жасар қызы бар және жүкті екен.

Жүкті болғаны жазасын кейінге қалдыруға себеп болмады. Мұғалжар ауданының соты оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ол сот залында дереу қамауға алынды. Сот оған 60 миллион 154 мың теңгені білім басқармасына өтемақы ретінде төлеуді міндеттеді. Сондай-ақ, ол мемлекетке шамамен екі миллион теңге мемлекеттік баж салығын төлеуі қажет. Оның баласының тағдыры бойынша шешімді қамқоршылық органдары қабылдайды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер