Ми-8 үлгісіндегі ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары 1986-2019 жылдар аралығында жасалған. Олардың орташа есеппен алғандағы жасы – 22 жыл 9 ай. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ulysmedia.kz порталына айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бір тікұшақ апатынан экономикаға қанша шығын келеді, олардың нарықтық құны қаншаға бағаланады» деген сауалға министрлік «әуе кемесін жоғалту кезіндегі шығындар оның оқиға кезіндегі қалған құнына байланысты» деп қысқа қайырды.
Шын мәнінде тік ұшақ апатының нақты шығынын есептеу күрделі зерттеуді қажет етеді әр ол арнайы мамандарға ғана қолжетімді ақпараттар негізінде жүзеге асуы мүмкін.
Десе де, ашық дереккөздердегі ақпараттарға қарап, апаттың экономикалық салдары миллион доллардан асып кетуі мүмкін деп тұжырымдауға негіз бар. Тікұшақтың бағасы оның жылына, модификациясына, жағдайына, жабдықталуына және сатып алу шарттарына байланысты өзгеруі мүмкін.
Әдетте жаңа Ми-8 тікұшақтардың бағасы 5-15 миллион доллар аралығында болады. Біздегі тікұшақтарың орташа жасы 23 жасқа таяп қалғанын ескерсек, оның нарықтық құны бұдан әлдеқайда төмен болуы мүмкін.
Тікұшақ қымбат әскери техника болғандықтан, отандық қорғаныс саласында оны жылда жаңалауға шама жоқ. Қорғаныс күштері соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын яғни 2020 жылы Ми-35М тікұшақтарымен толықтырылған. Министрлік олардың нақты санын атамады.
Ал “алдағы уақытта Қорғаныс министрлігіне жаңа тікұшақтар сатып алу жоспарда бар ма” деген сауалымызға “тікұшақ паркін жаңарту қарастыруда” деген жалпылама жауап алдық. Тек биыл Испаниядан бір ауыр А400м ұшағы жеткізіледі деп күтіліп отырғанын нақтылады.
Одан бөлек министрлік әуе қорғанысы саласын күшейту мақсатында Ресейден, ТОР-М2 және Бук-М2Э зениттік зымыран кешендерін, Беларусьте өндірген “”Роса-Р”» РЛК радиолокациялық кешенін, Қазақстан мен Франция бірлескен өндірген GM-403 “Нұр” радиолокациялық станциясын алғанын атап өтті. Алайда бұл әскери құралдар алды үш, арты бес жыл бұрын сатып алынған.