АМАНГЕЛДІ КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Мықты ақындар көп. Бірақ мықты менеджер аз

1375
Adyrna.kz Telegram

Кешеден бері Астанадағы Жазушылар одағының басшысы ақын, ұйымдастырушылық қабілеті мықты менеджер  Дәулеткерей Кәпұлын орнынан алып тастапты деген сыңайдағы әңгіме шығып, қаламгерлердің көбісі  алаңдап, әлеуметтік желі ұлардай шулап кетті. Екі күн бұрын ғана талантты ақын Бақытжан Алдиярдың 50 жылдық мерейтойында  азғантай  уақыт сырласқанымыз болмаса, өз басым Дәулеткереймен қоян-қолтық  араласқан емеспін. Бірақ, оның елордада тұратын қаламгерлердің қамын ойлап, тыным таппай тер төгіп жатқанын күнде көріп жүрмін. Ұлттық кітапханада танымал ақын -жазушылардың жарық көрген кітаптарының таныстырылымы, дүниеден өткен қаламгерлердің мерейтойлары өтіп, неше түрлі конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Міне осы іс-шаралардың бәрінде де Дәулеткерей жүгіріп, көп жағдайда қаржыны да өзі тауып, қолынан келгенше сый-сияпатын жасап жатады.  Менің ойымша оны орнынан алып тастау әділетке қиянат болады.

Құдайға шүкір, қазақта мықты ақындар көп. Бірақ мықты менеджерлер өте аз. Мықты менеджер болу, екінің бірінің қолынан келмейді.  Бұл бір.

Екіншіден Дәулеткерейді орнынан алып тастаса, бұл оқиға алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арасына сызат түсіреді. Саяси биліктің оған жол бермегені дұрыс. Қаламгерлердің наразылық көңіл-күйі халыққа беріліп, отқа май құйғандай боламыз.  Мен бұған қарсымын. Көзқарасымыз әр түрлі болғанына қарамастан ұрпақтар арасында сыйластық пен сабақтастық болуы тиіс. Данышпан халқымыз «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса - төбедегі келеді» дегенді бекер айтпаған.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, мәселені ұшықтырып, саясиландыра бермей, демократиялық жолмен, ақылдасып шешкен ғанибет. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді жақсы танимын. Талай сөйлескенмін. Нағыз зиялы тұлға. Өз басым оны мемлекетшіл азамат деп есептеймін. Сыйлаймын. Құрметім ерекше. Ерлан бауырымның елордалық қаламгерлермен жүздесуге уақыт тауып, біздің де сөзімізді тыңдап, мәселенің дұрыс шешілуіне ықпал ететініне кәміл сенімдімін.

Amangeldi Myrzabek

 

 

 

Пікірлер