Өскеменде 15 мыңға жуық тұтынушы бірнеше сағатқа жылу мен ыстық сусыз қалды

217
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

16 қараша күні Өскемен қаласында жылумен жабдықтау құбырының жарылуы салдарынан 15 мыңға жуық тұтынушы бірнеше сағат бойы жылу мен ыстық сусыз қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Шығыс жылу» кәсіпорнының мәліметінше, 14 819 абонент зардап шеккен. Оның 14 457-сі – жеке тұлғалар, ал 362-сі – заңды тұлғалар.

Алғашында жөндеу жұмыстары сағат 19:00-де аяқталады деп жоспарланған.

«Құбырдағы ақауды жою үшін жылу магистралі 13:00-ден 19:00-ге дейін ажыратылды. Алдын ала болжам бойынша, ақау №2 қазандықтағы кернеудің төмендеуінен туындаған. Ажырату кезінде тұтынушылардың үй ішіндегі температуралық нормативтері бұзылмайды», – деді Левобережье жылу желілерінің басшысы Олег Бондарь.

Алайда, сағат 19:00-де тұтынушылардың пәтерлеріне жылу берілмеді.

«Сыртқы ауа температурасы 0 градус, тұрғындар тарапынан шағымдар түскен жоқ. «Шығыс жылу» компаниясының ақпараты бойынша, жөндеу жұмыстарын сағат 23:00-ге дейін аяқтау жоспарланған. Барлығы 8 техника және 24 адам жұмылдырылды», – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Пәтерлер сағат 23:00-ге қарай салқындап кеткен. Тек түн ортасына қарай апаттық бригадалар жарылған жерді анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын бастаған. Жөндеуге «Шығыс жылу» мамандары, сондай-ақ облыстық және қалалық әкімдік өкілдері тартылған.

Апаттың себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғаны белгілі болды.

«Мамандар мен техника жұмыс істеуде, жарылған жерді анықтауда қиындықтар туындады. Апат жойылғаннан кейін жылу беріледі. Апат кезінде жылу жүйесі қатып қалған жоқ. Тұрғындардың түсіністік танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз және сабыр сақтауды сұраймыз. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов.

Пікірлер