"Екі жақты бірдей қараңыздар". Күдіктілердің туыстары марқұм Шерзаттың әкесін жауапқа тартуды сұрайды

1374
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден скрин
Фото: Бейнеден скрин

16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты күдікті деп танылғандардың туыстары бейне-үндеу жасап, Шерзаттың әкесін жауапқа тартуды сұрайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бейнеде:

“Елімізден, халықымыздан кешірім сұраймыз. Балаларымыздың әрекеті үшін. Бірақ әділ болсын. Нұрқанат та (Шерзаттың ағасы), Қаржаубай да (Шерзаттың әкесі) жауапқа тартылсын. Біз соны тілейміз. Екі жақты бірдей қараңыздар”, – дейді күдіктілердің туыстары.

Күдіктілердің туыстары оқиға кезінде қаруды алғашқы болып Шерзаттың ағасы Нұрқанат алып шыққанын айтады. Сондай-ақ олар Шерзаттың сол жердегі жігіттердің бірінің жағын сындырған деп пікір білдірген.

“Қаруды бірінші Нұрқанат көлігінен алып шыққан. Балаларға қарай оқ атқан. Балалар тыныш тұрған жерінен Шерзат марқұм бір баланың жағын сындырды. Ойламаған жерден ұрып жіберген. Өздері мылтық пен пышақ алып шыққан. Содан жігіттер көтеріліп кеткен. Кешірім сұраймыз балаларымыз үшін. Біздікі дұрыс емес. Бірақ балаларды арандатпаса барлығы тыныш шешіліп, барлығы үйіне кететін еді. Олар Шерзатты өлтіреміз деп барған жоқ”, – дейді видеоүндеу жолдаған әйел.

Күдіктілердің туыстары қайғылы оқиғадан бүрын Талғардағы дүкенге Дархан есімді жігіттің өзгелерлі жинағанын айтады.

“Кафеде өз бетімен отырған балалар. Барлығы бір қоңыраудан басталған. Барлығын Дархан деген бала бастаған, ол жерде Дарханды танымайтын балалар да бар. Ол қазір үндемей отыр. Ол Қаржаубай мен Нұрқанаттың танысы. Біз де соңына дейін барамыз. Дархан да жауапқа тартылсын. Өйткені бәрін шақырған Дархан”, – дейді олар.

Бейнеде әйел адам Шерзаттың әкесін халықты дүрліктіріп, жалған ақпарат таратты деп айыптауда.

“Қаржаубай басынан бастап өтірік айтты. Қаржаубай пышақ алып келді ме, жігітше мойындасын. Біз баланың қырқына дейін үндемей отырдық. Қаржаубайды да қамасын. Қаржаубайдың әйелі ме, қарындасы ма Нұрқанат атқан оқтарды жерден теріп алған. Ол да жауапкершілікке тартылсын. Ашық сот болса бәріне бірдей болсын. Біз соны талап етіміз”, – дейді күдіктілердің туыстары.

Айта кетейік, Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапқан еді. Бірнеше күннен кейін марқұмның үйі де өртеніп кетті.

Пікірлер