Каспий жағалауында қырылған итбалықтар мыңнан асты

1154
Adyrna.kz Telegram
итбалық
итбалық

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауында мыңдаған итбалық қырылып қалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК-ға сілтеп.

Алғашында өлі итбалықтар Түпқараған ауданында анықталған. Қазір олардың өлекселері Қарақия ауданынан да табылуда, Ақтауда да итбалықтың өлекселері анықталып жатыр.

Қазіргі таңда 1034 итбалықтың өлімі құжат жүзінде расталған. Бұл жағдайдың нақты себебі әлі анықталмаған.

«Гидробиология және экология институтының» директоры Мирғали Баймұқановтың ТАСС агенттігіне хабарлауынша, мұндай көлемдегі өлім бірінші рет тіркелген.

«Мүмкін, өлі жануарлардың шығарылуы тоқтамайды, өйткені бұл біздің жағалауға соққан батыс желдерімен байланысты, және тағы да өлекселердің табылуын күтуіміз керек», — деді ол. Баймұқанов қырылудың себебін атауға қиналғанын айтып, бұл үшін көптеген саланың қатысуы қажет екенін айтты. «Мүмкін, бұл кейбір ластаушы заттардың төгілуі, сейсмикалық белсенділік сияқты табиғи катаклизмдер болуы мүмкін, яғни геологтар да пікірін айтуы тиіс. Жануарлар арасында вирус болуы мүмкін бе екенін анықтау үшін вирусологтар да өз сөзін айтуы керек», — деді Баймұқанов.

Оның айтуынша, әрбір итбалықтың қырылуы популяцияға үлкен зиян келтіреді.

«Біздің мәліметтеріміз бойынша, 30-50 жасқа дейін жететін итбалықтар өте аз. Өліп жатқан итбалықтар көбіне орта жастағылар, олар популяцияның көбейуіне үлес қосар еді. Егер итбалықтар осындай жаста қырылып қалса, бұл орны толмас шығын», — деп түйіндеді Баймұқанов.

Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ғалымдардың бағалауы бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанның Каспий теңізіндегі аумағында 240 мыңнан астам итбалық тіршілік етеді.

Пікірлер